Ақтөбеге жөнелтілген 35 вагон бидай Ресеймен шекарада тұрып қалды

© Sputnik / Виталий Тимкив / Медиабанкке өтуБидай
Бидай - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2022
Жазылу
Әлеуметтік нан пісіруші кәсіпорын ресейлік компаниядан 2 мың жарым тонна бидай сатып алған
НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ақтөбедегі ірі наубайхананың бірінің Ресейден сатып алған бидайын сондағы шекарашылар өткізбей жатыр. Астық тиелген 35 вагон қазір Орск теміржол бекетінде тұр.
Бұған Ресей үкіметінің бидайды елден шығаруға тыйым салғаны себеп болған, деп хабарлады AstanaTV телеарнасы.
Әлеуметтік нан пісіруші кәсіпорын ресейлік компаниядан 2 мың жарым тонна бидай сатып алған. Сауда-саттықты айдың басында, тыйым туралы қаулы шықпай тұрып жасадық, дейді наубайхана директоры. Құжаттары түгел болғанымен, 35 вагон бидай екі аптадан бері Ресейдің Орск қаласында қаңтарылып тұр.
"Бидай жеткізуші компаниямен келісімшартымыз бұрыннан бар. Компания жетекшісімен сөйлескенімде, 14 наурызда вагондарды жөнелтуге дайын болдық дейді. Алайда дәл сол күні Ресей үкіметінің бидайды сыртқа шығармау туралы қаулысы жарияланды. Қазір бұл проблеманы қалай шешетінімізді ойластырып жатырмыз. Вагондардың тұрғаны бәрінен бұрын серіктесіме қиын. Оларды кері қайтаруы мүмкін", - дейді "Рамазан" ЖШС бас директоры Тимур Шаймағамбетов.
Нан пісіруден бөлек, ұн және ұн өнімдерін өндіретін кәсіпорын басшысы әзірше ішкі қорды тұтына тұрамыз дейді. Оның өзі сәуірдің ортасына дейін ғана жетеді екен. Бұған қоса, бидайдың жоспарланған көлемінің болмауы бұл айда өндіріс көлемін азайтуы мүмкін. Ресейден жеткізілетін бидай компанияның айлық сұранысының 30 пайызын жауып тұрған. Мәселені өз бетінше шеше алмаған кәсіпкер "Атамекен" палатасынан жәрдем сұрады.
"Бұл мәселені 25наурызда ресейлік тараппен, Орынбор облысының бизнес-омбудсмені Виктор Коршуновпен онлайн-режимде талқыладық. Жағдайды реттеуге ықпал етуді сұрап, сол күні хат та жолдадық. Нәтижесін күтіп отырмыз", - деп түсіндірді "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.
"Атамекеннің" өңірлік кеңсе қызметкерлері жағдайға екі елдің үкіметіндегілері араласпаса, проблеманы аймақтық деңгейде шешуге қауқарсыз екенін айтады. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қорда ұн да, бидай да, жеткілікті, алаңдайтын негіз жоқ дейді.
"Ресейден келе жатқан бидай тапшылыққа әсер етпейді. Ол "Рамазанның" өз қажеттілігіне арналған, шетелге шығарады. Біздің Ақтөбе облысына қажетті ұн мәселесін шешу үшін "Продкорпорациядан" сол "Рамазан" мекемесіне 10 мың 30 тонна арзандатылған бидай бөлінді. Ол біздің жыл аяғына дейін нан өнімдеріне қажеттілікті қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті", - деп атап өтті Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Дегенмен жергілікті нан зауытының өкілдерінің ендігі үміті үкіметте ғана. Тым болмаса, қаулы шықпай тұрып, бидай толтырылған вагондарды өткізу жайын құзырлылар шешіп берсе дейді.
Жаңалықтар
0