Ресей санкцияларға байланысты криптовалютаға көше ме?

© REUTERS / Benoit Tessier/IllustrationМонета биткоин. Иллюстративное фото
Монета биткоин. Иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.03.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Криптовалютамен жасалатын мәмілелер доллар жүйесіне бекітілмеген және банктер блокчейн технологиясын бақылай алмайды. Иран қырық жылдан бері санкциялар аясында тіршілік етіп жатыр және ол импорт тауарларды биткоинді заңдастыру арқылы сәтті сатып алып отыр, деп жазды РИА Новости.
Криптовалюта дайындау бойынша екінші орынды Қазақстан иеленіп отыр. Алайда Ресейде бұл сала заңмен реттелмеген, ал цифрлық рубль әзірше тестілеу сатысында тұр.
Батыс аналитиктері тексеріс пен бұғаттаудан аулақ болу үшін ресейлік ұйымдар цифрлық активтерді қолдана алатынын айтып жатыр. Бірақ зерттеу авторлары, мысалы, The New York Times цифрлық рубльді де криптовалюта деп атайды.
Шектеулер тиімді болу үшін мемлекет бақылай алатын қаржы жүйесі қажет. Бұл мәселеде кредиттік ұйымдар маңызды рөл атқарады: себебі олар қаражаттың қайдан келетінін және қайда кеткенін көре алады. Ақша жылыстатуға қарсы заңдар банктерден санкция салынған ұйымдармен мәмілелерді бұғаттауды және осындай әрекет туралы билікке хабарлауды талап етеді.
Қазір Ресейге доллар жүйесімен байланыспай сауда жүргізу амалын табу қажет. Криптотрейдинг осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Блокчейнде транзакциялар жазылғанымен, цифрлық технологиялар қаржы тізбегінің бір бөлігін жасыра алады. Бұл батыстағы заңды тұлғаларға ресейліктермен сауда жүргізуге мүмкіндік береді.
Кейбір мемлекеттер бұл тәжірибені игеріп алды. Иран мен Солтүстік Корея батыс санкцияларының салдарын жеңілдету үшін цифрлық валюталарды қолдана бастады. Мұны АҚШ пен БҰҰ ресми тұлғалары да растады. Мұның барлығы Америкада криптотрейдингті заңдастырудың арқасында мүмкін болып отыр. 2015 жылдан бастап бұл елде биткоин-бизнесін жүргізуге арналған лицензиялар ұсына бастады. Осы сәттен бастап бүкіл әлемде цифрлық валюталар саны күрт артты. Crypto.com компаниясының есебіне сәйкес, өткен жылдың ортасында 220 миллион адам криптовалюта сатқан немесе сатып алған.
Криптоқаржы мен блокчейнге мамандандырылған Elliptic консалтингтік фирмасы 2021 жылы мынандай мәлімдеме жасады: Иран мұнай саудасы бойынша санкция шектеулерінің шығынын өтеу мақсатында биткоин майнингінің кірісін қолданып отыр.
2018 жылы капиталдың жылыстауынан секемденіп, елде криптовалютаға тыйым салды, бірақ көп ұзамай заңдастырылды. Президент жанындағы талдау орталығы майнинг жылына 700 миллион табыс әкеліп, жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетінін анықтады.
Иран криптомайнерлеріне мемлекеттік лицензия мен электр энергиясына жеңілдік ұсынады. Бірақ олар барлық криптовалютаны мемлекетке тапсыруға тиісті. Ал ресми жалақыны биткоин арқылы алады. Лицензиясыз жұмыс істегендерге айыппұл салынады. Иранда кейбіреулер тіпті мешіт ішінде заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырған.
Бірақ электр желісіне түсетін жүктеменің тым үлкендігіне байланысты Иранда мерзімді түрде майнингке тыйым салынады. Сондықтан криптовалютадан түсетін табыс тұрақты емес. 2020 жылдың басында әлем майнингінің 4,5 проценті Иран үлесінде болды. Бұл шамамен миллиард долларды құрайды. Қазір елде цифрлық риал дайындалып жатыр.
Exchange Iran криптовалюта биржасының бас директоры Эхсан Газизаде цирфлық риалды тестілеу осы жылы аяқталуы ықтимал екенін айтты. Әйткенмен Иран банктерінің бәрі бірдей криптаны халықаралық саудадағы тиімді құрал деп санамайды. Бірақ Газизаденің пікірінше, орталықтандырылған айналымға шығарылған цифрлық риал тиімді құралға айналуы мүмкін.
Бұл ақша формасы қаржы операцияларының мүмкіндіктерін кеңейтетіндіктен, көп елдегі орталық банк осы саланы дамытып жатыр. Тоғыз ел, негізінен Латын Америкасындағы мемлекеттер қазірдің өзінде цифрлық валюталарын іске қосты. Бірақ бұл мәжбүрліктен туындаған амал. Саланың өз күрделіліктері де бар. Мысалы, Сальвадорда үш миллион адам биткоинді пайдаланғанмен, халықтың басым бөлігінде банкте есепшот жоқ. Ал Қытайда цифрлық юаньді тестілеу аяқталды және ол кез келген күні іске қосылуы мүмкін.
"Ресей криптовалюта дайындау бойынша өткен жылы әлемде екінші орын алған ел – Қазақстанмен шекаралас. Қазақстан мұндай көрсеткішке екі себепке байланысты жетті: қытай майнерлерінің нарыққа келуі және электр қуатының төмен бағасы. Ұлттық блокчейн және дата-орталықтар индустриясы қауымдастығының мәліметі бойынша, заңды майнерлер Қазақстан экономикасына жыл сайын 227 миллион доллар кіріс әкеліп отыр. Бірақ заңсыз әрекет ететіндердің салдарынан шығын да осы деңгейде болып отыр", - деп жазылған материалда.
Жалпы Қазақстанда электр жүйесінің халі мүшкіл: желінің 60 проценті тозған, станциялар пайдалануға берілгелі орта есеппен отыз жыл өткен. Үлкен жүктеме қаңтардағы апатқа себепші болды. Бірнеше сағат бойы Қазақстан ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстан да жарықсыз қалды. Осыдан кейін кейбір криптовалюта иелері бизнесті басқа мемлекетке ауыстыруға шешім қабылдаған.
Бірақ Қазақстанда дата-орталықтар ұстау қазірдің өзінде тиімсіз болып отыр. 2022 жылы үкімет биткоин өндірушілерге салынатын салықты он есе арттырды. Ақпанда Қазақстан билігі заңсыз майнерлерге қарсы "соғыс ашты". Бүкіл елде энергия қуатын тұтыну көлемі 202 мегаваттан асатын нысандарды жаппай тексеру басталды. 50-ден астам ферма ерікті түрде өз бизнестерін басқа мемлекетке көшірді. Сонымен қатар заңсыз майнерлер туралы ақпарат ұсынатындарға сыйақы да белгіленген.
Ал Ресейде криптовалютаның заңды мәртебесіне қатысты әлі толық ереже жоқ. Өткен жылы "Ресейдегі цифрлық қаржы активтері мен циярлық валюта туралы" федералды заң күшіне енді. Осылайша криптовалюта заңсыз деп саналмайды. Бірақ құжатта кей мәселелер толыққанды қамтылмаған. Мемлекеттік Думаның қаржы нарығы жөніндегі комитетінің басшысы Анатолий Аксаков 2021 жылы ресейліктер мұндай активтерге шамамен бес триллион рубль инвестиция салғанын, бірақ олардың басым бөлігінің қаржылық біліктілігі жоқ екенін айтты.
2022 жылдың басында Орталық банк басшысы Эльвира Набибуллина ресейлік инфрақұрылымды криптовалюта үшін қодануға қарсы шығып, цифрлық активтер майнингін қылмыс ретінде қарастыруды ұсынды. Ал қаржы министрлігі криптовалюталарға қатысты операцияны заңдастырып, салалық заңнамаға осыған қатысты сәйкес өзгертулер енгізуге шақырды.
"Ресей қандай шешім қабылдаса да, криптовалюта қаржы құралы ретінде үнемі қауіпті аймақта болады. Себебі кез келген пайдаланушы цифрлық әмиянның қалпына келтірілмейтін құпиясөзін ұмытып қалуы мүмкін", - дейді материал авторы.
Мұндай валютаның бағамы тым құбылмалы. Себебі ол пайдаланушылардың сеніміне қарай өзгереді. Ал қағаз ақшаның бағамын орталық банктер белгілейді. Оның үстіне қазіргі төлем терминалдары криптовалютаны қабылдамайды. Осыған байланысты технкалық ақау туындайды. Ресей астанасында криптовалютаны қағаз ақшаға айырбастау да оңай емес: Мәскеуде мұндай орындар өте аз. Ал өңірлерде тіпті жоққа жақын.
Жаңалықтар
0