Павлодарда жас хоккейшілердің соққыға жығылуына қатысты тың дерек шықты

Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Оқушылардың бірінің анасы ұлымды соққыға жықты және балағаттады деп айыптаған жаттықтырушы Вячеслав Писеговтың шәкірттері қолдау білдіріп бейнеүндеу жолдады.
Команданың жас ойыншылары тәрбиеленушілердің бірінің анасымен арада туындаған дау кезінде өз бапкеріне қолдау білдірді.
"Құрметті біздің жаттықтырушы, Вячеслав Иванович, қиын сәтте сізге қолдау көрсеткіміз келеді!", "Сізді жақсы көреміз, бағалаймыз және құрметтейміз!", "Бізді сіз тәрбиелеп жатқаныңызды мақтан тұтамыз!" "Біз сізді қолдаймыз! Біз команданы қолдаймыз!" – дейді жас хоккейшілер бейнеүндеуде.

Ұлымды соққыға жықты!

Sputnik Қазақстан бұған дейін хабарлағандай, Павлодар тұрғыны Ақтауда алматылық командамен ойыннан кейін "Ертіс" хоккей клубының жаттықтырушысы бес ойыншыны, соның ішінде өзінің 11 жастағы ұлын ұрғанын мәлімдеді.
Жас хоккейшінің анасының айтуынша, бапкер үнемі балалардың ар-намысына тиетін сөздер айтып, оларды балағаттайды. Ол Павлодар облысы полиция департаментіне, дене тәрбиесі және спорт басқармасына, облыстағы шайбалы хоккей федерациясына, мәдениет және спорт министрлігіне, облыс әкімінің аппаратына, білім департаментіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының балалар құқығы жөніндегі уәкіліне жаттықтырушының іс-әрекетіне шағымданды.
Павлодар облысы полициясы хабарлағандай, осы факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы, яғни денсаулыққа қасақана жеңіз залал келтіру бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама ұл баланың жеңіл дене жарақатын алғанын растады. Материалды сотқа жөнелту жоспарланып жатыр.

Басқа пікір

Ал балалар командасындағы ойыншылардың ата-аналарының көбі басқа пікір білдірді.
Мысалы, әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірі мұның бәрі жалған екенін, 28 жастағы жаттықтырушыға жала жабылып жатқанын айтты. Ол жаттықтырушы кеткеннен кейін командадағы 22 адамның жағдайы мәз боллмайтынын айтты.

"Тағылған айыппен келіспеймін!"

Ал Вячеслав Писеговтың өзі біздің тілшімен сөйлесу барысында ешкімді ұрып-соқпағанын, ал баланың анасын жала жапқаны үшін заң алдында жауапқа тартатынын айтты. Жаттықтырушы шәкіртінің анасы өзін жақтырмайтынын мәлімдеді. Мұны клубта жұмыс істеген алты жыл бойы байқаған. Ол әйел Вячеславты үнемі кәсіби деңгейі төмен деп айыптайтын көрінеді. Балалар жаттықтырушысы ол әйелдің өзін жұмыстан кетіруді қалайтынын айтты.
Жаңалықтар
0