Экономика

Каспий құбыр желісіндегі апат: қондырғылардың бірі іске қосылады

© Photo : СЦК Болат Акчулаков
 Болат Акчулаков - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.03.2022
Жазылу
Министр апаттан бюджетке шығын келмейтінін тағы бір мәрте қайталады
НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумының теңізге шығып тұрған бір қондырғысы іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте министр бұған дейін қатты дауылдың салдарынан консорциумның үшінші қондырғысында апат болғанын еске салды. Оны тоқтатуға тура келді. Теңізге шығып тұрған екінші қондырғы да дұрыс істемей қалды. Кейін бірінші қондырғы да тоқтатылды.

"Зерттеу шараларына байланысты бірінші қондырғы тоқтатылған еді. Кеше ғана біз консорциумдағы әріптестерімізбен техникалық консультациялар өткіздік. Бүгін таңертең түскен ақпаратқа сәйкес, бірінші қондырғыны бүгін іске қосуға болады. Танкер жеткізіледі", - деді Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, теңіздегі дауыл басылса, бірінші қондырғы іске қосылады. Нәтижесінде танкерлерге мұнай тиеуге мүмкіндік болады. Ал екінші және үшінші қондырғылар үш апта ішінде жөнделеді.
"Бірінші айлақтағы қондырғы істемесе, онда үшеуі де бірдей тұратын еді. Ал КТК-мен ай сайын 4,4 миллион тонна мұнай жөнелтіледі. Баламалы бағдармен 1,3 миллион тонна тараттық делік, қалған 3 милллион тонна қалып қоятын еді", - деп атап көрсетті Ақшолақов.
Осы орайда министр КТК-дағы апаттан бюджетке шығын келмейтінін тағы бір мәрте жеткізді. Себебі жыл басында мұнайдың әлемдік бағасы 60 доллар көлемінде белгіленді. Бюджетке де солай енгізілді. Ал қазір мұнайдың әлемдік бағасы 120 доллар болып тұр. Осылайша, КТК-мен мұнай тасымалдау жұмысы қиындап кетсе де, бюджетке жоспардан екі есе артық ақша түсіп жатыр.
Жаңалықтар
0