Қоғам

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы: үкімет жалақыны қалай көтереді

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге
Ақша, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.03.2022
Жазылу
Төрт жылдық бағдарлама халықты жұмыспен кеңінен қамтуды көздейді
НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik. Қаңтар оқиғасынан кейін үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуге кіріскен еді. Алайда Украинадағы жағдай салдарынан тағы дағдарысқа қарсы шараларды қолға алуға тура келді. Ұлттық валюта бағамы айтарлықтай әлсіреп, азық-түлік қайтадан қымбаттай бастады.
Осылайша, халықтың табысын арттырамыз деп отырғанда санкциялық соғыс "жығылғанның үстіне жұдырық" болды. Дегенмен үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірледі. Құжат мақұлдаудан да өтті. Sputnik Қазақстан тілшісі бағдарламаның негізгі шараларын зерделеп шықты.
Төрт жылдық бағдарлама халықты жұмыспен кеңінен қамтуды көздейді. Ал негізгі мақсаты – елдің номиналды емес, нақты табысын арттыру. Демек, қолға алатын ақшаның нақты сомасы өсуі керек. Инфляция да ескерілуі шарт. Осылайша, жалақының артуымен бірге оған сатып алынатын азық-түлік те көп болуы қажет. Сонда ғана халық, шынымен де, табыстың көбейгенін сезеді. Әлбетте, үкімет жалақыны жай көтере салмайды. Бизнесмендерді міндеттеу де оңай шаруа емес.
Осыған байланысты халықтың табысын арттыру бағдарламасында экономиканы әртараптандыру, жүйелі индустрияландыру және кәсіпкерлікті дамыту сияқты бірнеше ауқымды шара қарастырылған. Соның аясында нақты бірнеше бағытқа басымдық беріледі. Олар:
шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау;
ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау;
жеке үй шаруашылықтарын дамыту;
инвестициялық жобаларды іске асыру;
микрокредит беру;
ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға баса мән беріледі. Ал оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан карьералық орталықтар құрылады. Жұмыссыз жүрген жастар да назардан тыс қалмауға тиіс.
Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша жұмыссыз жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа бағдарлама аясында алдымен әлеуметтік қолдауға және жұмысқа мұқтаж азаматтарды "Ерте анықтау жүйесін" енгізуді жоспарлап отыр. Ал цифрлық карта арқылы әлеуметтік статусы жоқ, қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленіп, олардың нақты қажеттіліктері анықталады. NEET санатына кіретін жастар үшін "Алғашқы жұмыс орны", түлектер үшін "Жастар практикасы", "Ұрпақтар келісімшарты" жобалары аясында субсидиялаудың ұзақтығы мен мөлшері ұлғайтылды.
Бұдан бөлек, жастарды жұмысқа баулу және ынталандыру үшін заңнамаға "жас жұмысшы" ұғымы енгізіледі. Ал жұмысқа тұруға қажетті сынақ мерзімін алып тастайды. Басқа өңірден келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы да төленеді. Бағдарлама аясында көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды да жұмыспен кеңінен қамту шаралары қарастырылған.
Мәселен, барлық өңірде әйелдерді қолдау орталықтары құрылады. Осы орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетілетін болатын. Ал дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп отырады. Бұдан бөлек, тиісті мемлекеттік органдарға, "Самұрық-Қазына" қорына және әкімдіктерге жұмыскерлердің жалақысын көтеруге тапсырма берілді.
Сондай-ақ, бюджеттік сала қызметкерлердің орташа жалақысын арттыру міндеті қойылып отыр. Жалпы, жаңа бағдарлама еңбек табысының айырмашылығын қысқартып, халықтың сатып алу қабілетін арттыруға тиіс.
Премьер-министрдің сөзімен айтсақ, бүгінде "ұлттық даму жоспары да, ұлттық жобалар да, жалпы үкіметтің бағдарламалық құжаттарының бәрі де халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр". Демек, халық табыстың артқанын сезбесе, үкіметтің барлық бағдарламасы нәтижесіз болады.
Жаңалықтар
0