Тоқаев: Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділ қоғам құру

© Sputnik / Владислав ВодневАқорда
Ақорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2022
Жазылу
Қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгеріс басталды. Қазақстан дамытудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басады, деді президент
НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамы алдында мемлекеттік награда тапсыру рәсімі дәстүрлі шараға айналатынын мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
"Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге", - деді Тоқаев салтанатты шарада.
Президент "Ер – еңбегімен қадірлі" деген халық сөзін де еске алды. Ал "елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар". Сол себепті Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қайраткерге мемлекеттік награда тапсыруға шешім қабылданды. Осы шара игі дәстүрге айналады.
"Әз Наурыз табиғатты түлетіп, тіршілікке нәр береді, жаңару мен жаңғыруға үндейді. Мен күні кеше ғана халыққа Жолдауымды жариялап, Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын маңызды бастамалар ұсындым. Мұның бәрі – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы", - деп атап өтті президент.
"Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділ қоғам құру. Сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Ең бастысы, қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыру", - деп толықтырды ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, Жаңа Қазақстан – абстракты идея емес, келешектің жарқын көрінісі. Қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгеріс басталды. Қазақстан дамытудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басады. Ал Жолдаудағы әрбір бастама осы мақсатқа жету жолындағы нақты қадам болып саналады. Оны табысты жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
"Қазір аумалы-төкпелі кезең болып тұр. Геосаяси ахуал күннен күнге ушыға түсуде. Оның салқыны белгілі себептерге байланысты Қазақстанға да тиеді. Бірақ біз бағдарымыздан айнымай, көздеген мақсатымызға қалайда жетеміз. Сол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек" – деді мемлекет басшысы.
Жаңалықтар
0