Өңірлер

Ақтөбе әуежайының басшылығы: жабылып қалсақ қызметкерлер қайда барады

© Sputnik / Асем МиржекееваАқтөбе әуежайы
Ақтөбе әуежайы - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2022
Жазылу
Әуежай басшылығы авиация билігінің шешімімен келіспейді және ағымдағы жөндеу жұмыстары ұшақтардың ұшып-қонуына еш кедергі емес екенін алға тартты
НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз — Sputnik. Ақтөбе әуежайында Қазақстанның авиация әкімшілігінің нысан жұмысын тоқтату туралы шешіміне қатысты пікір білдірді. Әуежай басшылығы ұшу-қону жолағы қанағаттанарлық жағдайда екенін айтып жатыр.
"Ақтөбе әуежайында азаматтық авиация комитеті, облыстық әкімдік және қазақстандық әуе компаниялар өкілдері болды. Ұшу-қону жолағының жай-күйін тексерді, әуе компаниялары да ұшу-қону жолағы қанағаттанарлық жағдайда екенін растап, рейстерді тоқтатпайтынын айтты. Бірақ авиация әкімшілігі өз дегенінен қайтпай отыр. Олар тез арада ауыстыруды қажет ететін тақталарды көрсетті. Біз барлығын орындадық. Хаттамаға сәйкес, 16 наурызға дейін шамамен 60 тақтаны ауыстыруымыз керек болды", - деді "Ақтөбе халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.
Малиевтің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әуежай басшылығы өздеріне қарсы ақпарат соғысы жүріп жатқанын, олар нысан жабылып қалмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқанын айтты.
"Ақпарат соғысы жүріп жатыр. Бұл халық үшін қолайсыздық тудырып отыр. Егер әуежай жабылса, қызметкерлер қайда барады? Мұнда 500-ден астам адам еңбектенеді. Әрқайсысының отбасы, жалақысы, кредиті бар. Сондықтан қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Авиациялық әкімшілік НОТАМ таратып, 17 наурызда жабылатынын хабарлады", - деді Малиев.
Ол мәселе бір-екі күнде шешімін табады деген сенім білдірді.
"Хаттамаға сәйкес, олар бізге 16 наурызға дейін уақыт беруі керек еді. Хаттамада барлығы көрсетілген: 16 наурызда олар тағы келіп, түзету барысын тексереді, егер біз уәдемізде тұрсақ, әуежайды жабу туралы мәселе алынады. Бірақ олар асығыстық танытып, жауып тастады. Өзіміз жабылған жоқпыз. Бұл мәселе бүгін-ертең шешімін табады деп ойлаймын. Өйткені біз уәдемізді орындадық", - деді ол.
Әуежайдың баспасөз қызметі ұшу-қону жолағының тақталары 2006 немесе 2007 жылы ауыстырылғанын мәлімдеді. 2021 жылдың өзінде 228 тақта ауыстырылған.

Ақтөбе әуежайы неге жұмысын тоқтатты

Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова әуежайы Қазақстан Авиация әкімшілігінің шешімімен 17-27 наурыз аралығында жөндеу жұмыстарына жабылды. Жұма, 11 наурызда Азаматтық авиация комитеті 2022 жылдың 17 наурызынан бастап кемшіліктер жойылғанға дейін Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағын пайдалану тоқтайтынын хабарлады.
Тексеру барысында әуежай тақталарының босауы, жарықшақ, мастиканың ыдырауы сияқты ақауларды анықтады. Өз кезегінде, Ақтөбе әуежайының басшылығы анықталған кемшіліктер ұшуларды орындауға әсер етпейтінін айтты.
Дастан Малиевтің айтуынша, бұған дейін үш әуе компаниясы ұшу-қону жолағының жағдайы қанағаттарлықтай екенін мәлімдеген. Бірақ 16 наурызда Air Astana әуе компаниясы Ақтөбе әуежайының жабылуына байланысты рейстерді тоқтататынын хабарлады. 17 наурызда SCAT және Qazaq Air де осындай мәлімдеме жасады.
Ақтөбе әуежайынан 5 бағытқа (Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Түркістан) аптасына 52 ішкі жолаушылар рейсі, сондай-ақ басқа елдердің төрт қаласына (Ыстамбул, Тбилиси, Қазан, Нүкіс) аптасына 9 рейс орындалады.
Жаңалықтар
0