Саясат

Тоқаевтың конституциялық реформасы демократияны едәуір нығайтады – саясаттанушылар

© Sputnik / Абзал КалиевАқорда
Ақорда  - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.03.2022
Жазылу
Сайлау, депутаттардың мәртебесі, Қазақстан халқы ассамблеясы, парламент палаталарын жасақтау тәртібі бойынша заңдарға өзгеріс енгізіледі, дейді Шыңғыс Лепсібаев
НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Президент наурыздағы жолдауында маңызды саяси реформаларды жариялаймын деген. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі бастамалары кәсіби сарапшылардың күткенінен де асып түсті. Олар алдағы саяси өзгерістерді "маңызды конституциялық реформа" деп отыр. Соның нәтижесінде парламентте партиялық тізіммен емес, халықтың өзі сайлайтын депутаттар көбейеді. Сол сияқты мәслихаттарға да бизнесмендер емес, елдің сөзін сөйлейтін адамдар келуге тиіс. Бұдан бөлек, депутаттар үшін императивті мандат енгізіледі. Sputnik Қазақстан тілшісі алдағы саяси реформалардың қоғам өміріне қалай әсер ететінін, ең бастысы қазақстандық демократияны қалай күшейтетінін зерделеп шықты.

Халық депутаттарды танымайды

Соңғы жылдары сайлауға баратын адамдардың саны азайды. Мәселен, былтырғы мәжіліс депутаттарының сайлауына халықтың 63,3 проценті дауыс берген. Президенттің өзі сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейіп жатқанын ашық айтып отыр.
"Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді", - деді Тоқаев биылғы жолдауында.
Шынымен де, бүгінде сайлаушылар өз өңірінің өкілдерін де танымай жатады. Себебі мәслихат болсын, мәжіліс болсын, барлық депутат партиялық тізіммен сайланады. Оны "пропорционалды жүйе" деп атайды. Тоқаев бұрынғы можаритарлы жүйені қайтарып, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Осылайша алдағы сайлауда мәжіліс депутаттарының 70 проценті партиялық тізіммен, ал қалған 30 проценті можаритарлы жүйемен, яғни, өз өңірінде ең көп дауыс жинаған кандидат мәжіліске өтеді. Оған партияға кірудің қажеті жоқ.
Президенттің айтуынша, мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Оған қоса, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында пропорционалды және можаритарлы жүйенің үлесі 50/50 болады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар толығымен можаритарлы әдіспен сайланады. Осылайша, жергілікті халық партиялық тізімнен таныс кандидатты іздемей, нақты өзі ұсынған үміткерге дауыс береді.

Күтпеген жаңалық болды

Саясаттанушы Андрей Чеботарев президент жолдауында айтылған саяси реформалардың осыншама ауқымды болатынын сарапшылар қауымы үшін күтпеген жаңалық болғанын айтып отыр.
"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі жолдауда айтқаны біз күткеннен де асып түсті. Бұл жолы кезекті саяси бастамалардың пакеті емес, кәдімгідей маңызды конституциялық реформа жарияланды", - деп жазды Чеботарев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, бұған дейін сарапшылар мәжіліс сайлауы бойынша пропорционалды және можаритарлы жүйенің үлесін 50/50 етуді ұсынған. Бірақ президент "70/30" деп шешті. Ол да "саяси реформаларды кезең-кезеңімен іске асырудың" амалы шығар.
Саясаттанушы Шыңғыс Лепсібаев та Тоқаевтың кешегі бастамаларын конституциялық реформа деп санайды.
"Бұл - нағыз конституциялық реформа. Себебі сайлау, депутаттардың мәртебесі, Қазақстан халқы ассамблеясы, парламенттің екі бірдей палаталарын жасақтау тәртібі бойынша маңызды заңдарға өзгеріс енгізіледі. Бұның барлығы – ауқымды өзгерістер, маңызы өте зор. Ендігі кезекте көп нәрсе сайлауды ұйымдастыратын орталық сайлау комиссиясы мен әкімдіктерге байланысты болады. Можаритарлы жүйемен сайланатын 30 процент депутаттардың қатарына бұрынғы нұротандықтар немесе оларға қосылған адалдықтар емес, шынымен де тәуелсіз адамдар кіреді деген сенім бар", - деді Лепсібаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Уәдесін орындамаған депутаттар кері қайтарылады

Тоқаев жариялаған тағы бір маңызды жаңалық, ол – императивті мандатқа көшу мәселесі. Оған сәйкес, сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Президенттің айтуынша, "бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы, осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады". Ең бастысы депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.
Сарапшы Шыңғыс Лепсібаевтың ойынша, императивті мандаттың тиімді тұстары көп. Бүгінде партиялық тізіммен сайланған депутат артық ештеңе айта алмайды. Себебі бірден жауапқа тартылып, мандаттан айырылуы мүмкін. Ал можаритарлы жүйемен келген халық қалаулысына партия тиісе алмайды. Ол елдің алдында ғана жауап береді.
"Мысалы, қазір мәслихатқа партиялық тізіммен сайланатын депутаттар көп жағдайда әкімнің бастамаларына қарсы шықпайды. Ал можаритарлы жүйемен келген депутат бәрін сайлаушылармен келісіп шешеді. Үш жерде мектеп салынып, біреуіне көбірек ақша бөлінсе, оны ашық айтады, әкім бола ма, басқа біреу бола ма, қарсы пікір айта алады, бюджетті қабылдаудан да бас тартуы мүмкін. Партия оған ықпал ете алмайды", - деп атап өтті Лепсібаев.

Партия көбейеді

Алдағы уақытта партияларды тіркеу рәсімі де әжептәуір жеңілдейді. Саяси ұйым ашатындар 20 мың қол жинап жүрмейді. Бұл меже төрт есе азайып, 5 мыңға дейін түседі. Осылайша партияны бес мың адаммен де ашуға болады.
Бұдан бөлек, әрбір партияның өңірдегі өкілдер санына қатысты талап та өзгереді. Бұрынғдай 600 адам, 200 өкіл де жеткілікті болады. Ал партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны 1000-нан 700 адамға азаяды. Құрылтай съезін өткізуге ғана емес, филиалдарды құруға да көп уақыт беріледі.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, ондай жеңілдіктер партиялардың көбеюіне септігін тигізеді. Қазірдің өзінде жаңа екі партия құру туралы мәлімдеме жасалды. Бұның барлығы сан алуан көзқарас пен тың пікірдің айтылуына жол ашады. Тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік болады.
Айта кетері, 90-жылдары Қазақстанда можаритарлы жүйе болған. Сол кезде мәжіліске ел танитын біраз беделді азаматтар сайланды. Халық олардың бәрін жатқа білді. Бірақ кейіннен "алдымен экономика, сосын саясат" деген қағидат басшылыққа алынып, шұғыл шешім қабылдау үшін партиялық тізім енгізілді.
Жаңалықтар
0