Сенатор Тоқаевтың бастамасы туралы: депутат мандатынан айырылудан қорықпаймын

© Photo : Facebook / Берік УәлиДепутаттар
Депутаттар - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.03.2022
Жазылу
Кешегі жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев сенаттағы президент квотасын 15 адамнан 10-ға дейін қысқартуды ұсынған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Сенат депутаттары жоғары палатада президент квотасын қысқартуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі жолдауында сенатқа президенттік квотамен өткен депутаттар санын қысқартуды ұсынды. Бүгінде жоғары палатада квота бойынша 15 адам сенатор белгісін тағып жүр. Олардың ішінде қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед те бар. Ол мемлекет басшысының бастамасын қолдады.
"Ол өте дұрыс. Өйткені біздің қолданыстағы Конституциямыз 95 жылы қабылданған. Сол кезде жеті-ақ адам (президенттік квотамен - Sputnik) тағайындалатын. Сол көбейіп-көбейіп, 15-ке жетті. Сондықтан 10 адамға қысқарғаны өте дұрыс", - деді Құл-Мұхаммед Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сенатор "қысқартуға" іліксе, ғылыммен айналысатынын жеткізді.
"Мен, айналайын, өзімнің тағдырыма, жұмысыма еш алаңдамаймын адаммын. Мен ғалыммын, ғылым докторымын, профессормын. Оны сенатқа келмей тұрып қорғағанмын. Сондықтан сіздер сияқты жастарға орын беруге дайынбыз", - деп атап көрсетті Құл-Мұхаммед.
Танымал журналист Дана Нұржігіт де сенатқа президенттік квотамен келді. Ол да депутаттық мандаттан айырылудан қорықпаймын дейді. Себебі бүгінгі қоғамда көп өзгеріс болып жатыр. Ал "азаматтық қоғамның белсенділігі өсіп жатқан кезде көп жағдай депутат белгісіне байланысты емес".
"Егер өмірде белсенді адам болсаң, өз құқығыңды қорғауға сауатың жетіп тұрса, мемлекеттің дамуына үлес қосамын десең, "міндетті түрде парламентте отыру керек" деген ой болмағаны дұрыс. Кейбір кездесулерде адамдар "менің балам депутат болуды армандайды" дейді. Депутат болу арман емес, адам болу арман болуы керек. Кәсіп меңгеру арман болуы керек. Халықтан артық күш жоқ. Халық сені қалай жақсы көрсе, солай бір сәтте сенен жеріп кетуі де мүмкін. Мен өзім депутат мандатынан айырылудан қорықпаймын", - деді Нұржігіт Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
© Photo : сайт сената парламента КазахстанаДепутат болу арман емес, адам болу арман болуы керек, дейді Дана Нұржігіт
Сенатор Дана Нуржигитова - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.03.2022
Депутат болу арман емес, адам болу арман болуы керек, дейді Дана Нұржігіт
Оның айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясының бес депутатын сенатқа ауыстырған дұрыс.

"Мен кеше ғана ассамблея атынан мәжіліске келген бір ханыммен таныстым. Ол кісінің де айтары бар. Менің ойымша, кәсіби, білікті, азаматтық ұстанымы, отаншыл рухы бар азамат. Сондай адамдардың президент квотасымен сенатқа келгенін қолдаймын", - деп атап көрсетті Нұржігіт.

Президент квотасымен өткен сенаторлардың ішінде Асқар Шәкіров, Владимир Волков, Бейбіт Исабаев, Бақытжан Жұмағұлов, Нұртөре Жүсіп, Қайрат Қожамжаров, Андрей Лукин, Талғат Мұсабаев пен Еділ Мамытбеков те бар.
Айта кетері, кешегі жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев сенаттағы президент квотасын 15 адамнан онға дейін қысқартуды ұсынды. Ал мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы 9 депутаттан 5-ке дейін азайтылып, сенатқа ауыстырылады.
Осылайша, жоғары палатаға президент квотасымен өткен қазіргі депутаттардың бесеуі ғана қалады. Қалған бес мандат мәжілістен ауысатын Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдеріне беріледі.
Жаңалықтар
0