Әлем

АҚШ-тың сұйылтылған табиғи газы ресейлік өнімнің орнын баса ала ма?

© Sputnik / Стрингер / Медиабанкке өтуГаз жабдығы
Газ жабдығы - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.03.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. АҚШ өзінің еуропалық одақтастарын Ресеймен ресурстық-экономикалық қарым-қатынасты толық үзуге үгіттеп жатыр. Бірақ ұжымдық Еуропа қысымға қарамастан, Мәскеумен қарым-қатынас жасауда көмірсутек, соның ішінде, ең алдымен табиғи газ жеткізу тізбегін бұзудан түбегейлі бас тартып отыр, деп жазды РИА Новости.
Күні кеше сұйылтылған таиғи газдың ірі өндірушісі, америкалық EQT компаниясының директоры Еуроодаққа Ресеймен байланысты үзуден қорқуға еш себеп жоқ екенін, АҚШ ресейлік газ көлемін оп-оңай алмастыра алатынын жеткізді. Бірақ, мақала авторының пікірінше, бұл уәденің орындалуы екіталай. Мұндай мәлімдемелер қоғамды жаңылыстыру, баламалы шынайылық тудыру үшін қажет. Мұндай құбылысты Украинадан байқауға болады. Жергілікті халық "Нафтогаз" үш аптадан бері ресейлік газды Еуропаға тасымалдамай отыр дегенге сенеді.
Бұл уәждердің ақиқат емес екенін дәлелдеу үшін бірнеше факті келтіруге болады. Ең алдымен Еуропаның ресейлік газ импортына тәуелділігі 40 проценттен асатынын атап өту керек. Соңғы жылдары жеткізу көлемінің тұрақты артқанын ескерсек, "Газпром" 2022 жылдың қорытындысы бойынша жеткізу көлемін шамамен 200-300 миллиард текше метрге жеткізеді. Қыстың аязды болуына, энергия тасымалдағыштар бағасының өсуіне, сондай-ақ еуропа елдерінің газ айдауды арттыру туралы өтінішіне қарай бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы ықтимал.
Ресей газының екі жүз миллиард текше метрінің басым бөлігі магистральды құбыр желілері арқылы тасымалданады. Бұл оны сұйылтылған табиғи газдан әлдеқайда арзан етіп отыр. Жоғарыда аталған EQT компаниясының басшысы Тоби Райс та мұны растады.
Еуроодақ елдерінің табиғи газды тұтынуының жиынтық көрсеткіші 450-480 миллиард текше метр шамасында болып отыр. Экобелсенділердің қарсылығына қарамастан, бұл көрсеткіш жыл санап өсіп жатыр. Яғни, ресейлік газ қандай да бір ғажайып әсерінен келісімшарт аясынан жоғалып кетсе, онда басқа жабдықтаушыларға осы екі жүз миллиард текше метрдің орнын басып, жеткізілімдерді жоспарға сай ұлғайтуына тура келеді.
Украин сегментін қоса алғанда, ресейлік газ құбырлары өз өнімін алдымен Германияға жеткізеді де, сол елден екінші бенефициарға, мысалы Австрияға жеткізіледі. Оңтүстік Еуропа елдері Түркиядан бастау алып, Болгария, Сербия, Венгрия мен Словенияға қарай өтетін "Түрік ағыны" магистралі арқылы қамтамасыз етіліп отыр.
"Басқа жеткізу көздері туралы айтар болсақ, Еуроодақ табиғи газды Норвегия мен Алжирден де сатып алады. Егер Ресей үлесі 41 процент деп бағаланса, онда Норвегия мен Алжир сәйкесінше 24 және 11 процент көрсеткішіне ие. Сондықтан құбыр желісі мен сұйылтылған табиғи газ сататындар секілді басқа жеткізушілердің үлесінде нарықтың шамамен төрттен бір бөлігі ғана жатыр", - деп жазды автор.
Катар қазірдің өзінде Еуропаға сұйылтылған табиғи газ экспортын арттырудан бас тартты. Нидерланды нарықтан түбегейлі кетіп жатыр. Биыл жойқын жер сілкінісінің бірнеше рет қайталануына байланысты Гронинген бассейнінде газ өндірісі толығымен тоқтатылады. Әзербайжандағы Трансанатолия газ құбырының (TANAP) қуаты небәрі 16 миллиард текше метрді құрайтындықтан, оны алмастырушы арна ретінде қарастыруға болмайды.
АҚШ бұл мәселеде қарқынды үдетіп, өткен жылдың соңындағы дерек бойынша сұйылтылған табиғи газдың басты екі өндірушісі – Австралия мен Катар деңгейіне жақындады. Бұл екі мемлекет жылына сәйкесінше 87,5 пен 77,5 миллиард текше метр газ сұйылтады. Бірақ Америка жылына 90 миллиард текше метр газ сұйылтқан күннің өзінде бұл көрсеткіш Еуропаның тыныс-трішілігі үшін Ресейден жеткізілетін газ көлеміне жетпейді. Сол себепті Азиядағы әлеуетті нарықты елемей, америкалық сұйылтылған табиғи газдың барлық көлемін Еуропаға бағыттаса да, бұл бәрібір аз болады.
АҚШ-тың өзі де табиғи газдың жаһандық тұтынушысы екенін ұмытпау керек. Жыл сайын Америка 860 миллиард көгілдір отын тұтынады. Бұл Ресей тұтынатын көлемнен екі есе, бір жарым миллиард халқы бар Қытайдыкінен үш есе көп.
Жалпы АҚШ-та сұйылтылған табиғи газ өндірісін одан әрі арттырудың өзі күмән тудырып отыр. Билік етуші әрі жасыл экономиканы насихаттаушы Демократиялық партияның қолдауымен америкалық экологтар қарсы шығып отыр. Заманауи экологиялық доктрина сұйылтылған табиғи газ өндірісін қоршаған ортаға зиян деп санайды. Осы себептерді ескере отырып, он төрт жаңа өндіріс желісінің құрылысы мен іске қосылуы күмәнді.
Сонымен қатар жеткізулердің арғы басындағы физикалық проблеманы да ескермеуге болмайды. Бұл Еуропа елдерінің сұйылтылған табиғи газдың үлкен көлемін қабылдау мүмкіндігіне қатысты. Бұл істі жүзеге асыра алатын порттар Францияда, Испанияда және Еуроодақтан шығып кеткен Ұлыбританияда бар. Олардың әрқайсысы шамамен 50 миллиард текше метр газды ғана түрлендіріп, тұтынушыларға жөнелте алады. Ал газдың ірі тұтынушысы әрі импорттаушысы Германияға келсек, онда немістерде бірде-бір сұйылтылған табиғи газ терминалы жоқ.
Осы аталғандардың барлығын ескергенде, америкалықтардың Еуропаны күні ертең-ақ Ресей газына тәуелділіктен құтқару туралы уәдесі шындықпен сәйкес келмейтін бос сөз екенін аңғартады, деп жазды РИА Новости.
Жаңалықтар
0