Алматы облысында оқушы өзін-өзі "тонаған"

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.03.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз — Sputnik. Алматы облысында оқушылардың бірі ата-анасынан қорқып, тонап кетті деп өтірік айтқан.
16 наурызда Талғар қаласының полициясына 17 жастағы оқушыны тонап кеткені туралы хабарлама түскен.
Жәбірленушінің анасы белгісіз біреу ұлын соққыға жығып, оның қымбат тұратын айфонын тартып алғанын хабарлады, деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер қылмыстық іс қозғап, жедел іздестіру шараларын жүргізген. Алайда қылмыскерді таба алмаған. Сондықтан қылмыстық іздеу жүргізу қызметкерлері жасөспіріммен тағы сөйлесіп, тонаудың мән-жайын біліп, күдіктінің ізіне түсуге мүмкіндік беретін қандай да бір белгіні анықтамақ болған.
Бірақ жасөспірім жауап алу барысында сөзінен шатасып, кенеттен "тонауды" өзі қолдан жасағанын мәлімдеген.
Мектеп оқушысы өзінің ересек екі досымен бірге ломбардтардың біріне қымбат ұялы телефонын кепілге қойғаны анықталды. Қолына ақша тиген соң, ол 90 мың теңгені онлайн ұтыс ойынына салып, ақырында жеңіліп қалған.
Ата-анасының қаһарынан қорыққан жасөспірім өзінің беті мен қолына жарақат салып, ата-анасына оны біреу соққыға жығып, телефонын тартып алғанын айтқан.
"Қазір оқушының жауабы тексеріліп жатыр. Егер ол расталса, тонау бойынша қылмыстық іс тоқтатылады", - деп хабарлады полиция.
Жаңалықтар
0