Қолжетімді баспананың шаршы метрі 400 мың теңгеден кем болмайды – Ерғалиев

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2022
Жазылу
Құрылысшылар одағының өкілдері құрылысқа қажетті заттардың бағасы қолжетімді баспана құнына әсер ететінін айтып дабыл қақты
НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстанда үй бағасының шаршы метрі 400 теңге болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, құрылыс материалдарының құны өседі, қымбатшылықтың екінші толқыны басталды. Маман бұған Ресейге салынған санкция әсер етуде деп топшылайды, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Құрылыс базарындағы саудагерлерден де маза қашқан. Баға күн сайын құбылып жатқанына шағымданды. Базарда адам қарасы қалың. Бірақ саудагерлер сауда жоқ дейді. Олар бағаның көтерілуін доллармен байланыстырып отыр. Шетелден қымбат келген тауардың үстінен 400 теңгедей қосуға мәжбүр.
"Қазір мысалы галтель 500 теңгеге қымбат келіп жатыр. Оған адамдар сенбейді. Доллар қымбаттады деп, үстіне 500 теңге қосып жатырсыңдар дейді. Бұрын 1400 теңгеге келсе, қазір 2100-ден", - дейді Арайбек есімді сатушы.
Құрылысшылар одағының өкілдері де құрылысқа қажетті заттардың бағасы қолжетімді баспана құнына әсер ететінін айтып дабыл қақты. Енді аталған санаттағы тұрғын үйдің шаршы метрі 400 мың теңге болуы мүмкін деп болжайды. Олардың айтуынша, Ресейге қарсы салынған санкциялар бағаға қысым жасап, құрылыс материалдарының одан сайын аспандауына әкеліп соқты. Енді олар мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қажет екенін айтады.
"Пәтер бағасы ай сайын қымбаттап жатыр. 1 ай бұрын 320 мың болған, қазір 390 теңге, келешекте 400 мыңнан кем болмайды. Қолжетімді баспананы айтып жатырмын, әңгіме 1-2 класс баспанасы туралы емес", - дейді "Қазақстан құрылысшылар одағы" президиумының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, саладағы жағдайды түсіну үшін елдегі құрылыс материалдарының тауарлық матрицасын қарастыру жеткілікті. Отқа төзімді цементтер мен ерітінділер өндірісі жолға қойылып, қажетті өндірістің 70,1%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бетон бұйымдары (98,1%), портландцемент (86,8%), ерітінділер (99,8%), лак-бояу (66%) өнімдері шығарылады.
Алайда қазақстандық тауарлар құрамына импорттық қоспалар қажет. Мысалы, ерітінділер мен бояуларға қажетті химиялық заттар елде өндірілмейді, көбінесе Германия, Англия, Франциядан жеткізіледі.
Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев бизнес өкілдерінің түйткілді мәселелерін жинау үшін жедел штаб құрылғанын айтты. Өйткені мәселе ушығып келеді.
Қауымдастықтың есебінше, құрылысқа қажет материалдар мен құрал-жабдықтардың 60 проценті шетелден келеді. Елде тек бетон, кірпіш қана шығады. Ал жоғары технологиялы материалдар жоқтың қасы дейді мамандар. Сорақысы сол жағдай реттелмесе, 30 мыңнан астам құрылысшы жұмысынан айырылып, 600-ден астам құрылысқа қаржы табылмай қалуы мүмкін.
Жаңалықтар
0