Инфляция болжанған көрсеткіштен жоғары болады – Ұлттық банк

© Photo : Pixabay / EdarКалькулятор, архивтегі фото
Калькулятор, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.03.2022
Жазылу
Биыл ақпан айында жылдық инфляция 8,5%-тен 8,7%-ке дейін жеделдеді, деп атап өтті Ғалымжан Пірматов
НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Геосаяси ахуалдың нашарлауына байланысты Қазақстанда инфляция жеделдеп, болжанған дәлізден шығуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Геосаяси ахуалдың нашарлауы мен сыртқы тәуекелдер жағдайында инфляция болжамын көтеру мәселесі қайта қаралуда. Инфляцияның 2022-2023 жылдардағы нысаналы дәлізден жоғары болып қалыптасу тәуекелі артты", - деді Пірматов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, биыл ақпан айында жылдық инфляция 8,5%-тен 8,7%-ке дейін жеделдеді. Инфляцияға азық-түлік тауарлары үлкен үлес қосты. Нан-тоқаш, жарма, сүт өнімдері мен көкөністің қымбаттауына байланысты азық-түлік бағасының өсімі 10%-ке дейін үдеген. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,5%-тен 8,6%-ке дейін өсті. Ақылы қызметтер 6,8%-тен 7,1%-ке дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарық қызметтері бағасының өсуіне байланысты.
"Энергия, металл және ауылшаруашылық өнімдері бағасының өсуіне байланысты жаһандық инфляцияның жоғары мәні әлі ұзақ сақталады. Тиісінше ол ішкі бағаларға қысым жасайды", - деді Ұлттық банк төрағасы.
Пірматов 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне, жанар-жағармай бағасының өсуіне енгізілген мораторий инфляцияны тежеуге ықпал ететінін атап өтті.
Жаңалықтар
0