Қазақстан екі жылда коронавирус пандемиясымен қалай күресті

© Sputnik / Тимур БатыршинДәрігерлер
Дәрігерлер - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.03.2022
Жазылу
Қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, күн сайын 100-ге жуық науқас тіркеледі
АЛМАТЫ, 14 наурыз – Sputnik. Қазақстанда 2020 жылдың 13 наурызында коронавирус инфекциясын жұқтырған бірінші адам анықталды. Содан бері екі жыл ішінде сырқаттанушылық деңгейі 5 рет көтерілді, әрқайсысы 1 айдан 3 айға дейін созылды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, күн сайын 100-ге жуық жағдай тіркеледі.
"Уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда қысқа мерзімде 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана реконструкцияланды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді", - делінген хабарламада.
64 оттегі станциясы пайдалануға берілді, 3 мыңнан астам жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. 185 аудандық аурухана 100% рентгендік диагностикалық жабдықпен жабдықталды. Жедел медициналық көмек қызметі 1 367 бірлік автокөлік сатып алу арқылы күшейтілді, жылжымалы медициналық кешендер паркі 100% жарақтандырылды.
Еліміздің 184 зертханасында коронавирус инфекциясының ПТР диагностикасы жүргізіліп жатыр, пандемия басталғалы республикада 22 миллионнан астам зерттеу жүргізілді.
ПТР диагностикасын қамтамасыз етумен қатар, сырттан әкелінген жағдайларды және вирустың мутациялық өзгергіштігін мониторингілеуді қамтамасыз ету үшін министрлік вирустарды генетикалық зерттеуді үнемі жүргізіп отырды (1331 сынамаға 26420 зерттеу жүргізілді). Республика аумағында коронавирус инфекциясының 5 штамының (Альфа, Бета, Дельта, Эта, Омикрон) айналымы анықталды.
Дәрілік заттардың тұрақтандыру қоры құрылды. Коронавирус инфекциясын емдеу үшін 2 айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды.
"2021 жылдың 1 ақпанынан бастап тұрғындарды вакциналау басталды. Біздің елімізде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында "Спутник V", "Спутник Лайт" (Ресей) вакциналарын өндіру іске қосылды", - деп атап өтті министрліктің мамандары.
Ұлттық биологиялық қауіпсіздік институтының базасында "QazVac" отандық вакцинасы әзірленді және өндіріліп жатыр.
Коронавирус инфекциясына қарсы халықты ревакцинациялау жалғасып жатыр.
Вакцинация науқаны басталғалы бері республика азаматтарына вакцинаның 6 түрі (Спутник V, QazVac, Hayat-Vax, SinoPharm, Спутник Light және Pfizer) қолжетімді.
Вакцинаның I компонентін 10,3 миллион адам, II компонентін – 9,7 миллион адам салдырды. 2,9 миллион адам қайта вакциналанды.
Коронавирус инфекциясымен күресте ақпараттық жүйелер кеңінен қолданылады.
2021 жылы қаңтарда шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасындағы баланысты белгілеу мақсатында бірыңғай интеграциялық порталмен және вакцинациялаудың электрондық паспортымен интеграцияланған Ashyq мобильді қосымшасы енгізілді, осы мобильдік қосымша науқастар мен байланыста болған адамдарды қадағалауға мүмкіндік береді.
Зертханалық зерттеулердің бірыңғай базасы әзірленді, онда меншік нысанына қарамастан барлық зертхана жүргізетін COVID-19-ға ПТР-зерттеулердің орталықтандырылған есебі жүргізіледі.
30 елде (Аргентина, Белиз, Боливия, Ұлыбритания, Мажарстан, Грузия, Индонезия, Иран, Иордания, Канада, Қырғызстан, Мальдив, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия, Эстония, Жапония, Чехия, Черногория, Шри-Ланка, Эквадор) танылатын электрондық вакцинация паспорты енгізілді.
Эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, шектеу шаралары қайта қарастырылды. Қазір эпидемиологиялық тәуекелдің қызыл аймағында орналасқан аймақтарды қоспағанда, барлық шектеу шарасы алынды.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі аяқталмағанын, сондықтан елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына септігін тигізетін вакцинация мен ревакцинацияны таңдауға шақырды.
Жаңалықтар
0