Видео

"Қар тоқтату – тиімді технология": шаруалар қуаңшылыққа қалай дайындалып жатыр

Жазылу
Қазақстан президентінің телерадиокешені "Қар тоқтату – тиімді технология" қысқа метражды деректі фильмін ұсынды
Ғалымдар елімізде үшінші жыл қатарынан қуаңшылық болады деп болжап отыр. Жазда жауын-шашын аз болғандықтан, жерде тоң жоқ, топырақта ылғал аз. Сондықтан су үнемдеу, топырақты ылғалдандыру үшін мамандар қар тоқтату технологиясына көшуді ұсынып отыр.
Ол үшін еліміздің бірнеше өңірінде жауған қарды ұстап қалып, көктемде еріген суымен егістік пен шабындық жерді суаруға болады.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан.
"2030 жылға қарай елімізде су тапшылығы 40%-ке жетуі мүмкін. Сондықтан жаңа технология мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет", - деді президент.
Су үнемдеу технологиясының ең оңай әрі тиімді жолы – қар тоқтату. Еліміздің бірнеше өңірінде жауған қарды ұстап қалып, көктемде еріген сумен егістік пен шабындық жерді суаруға болады. Соған байланысты қар тоқтатуды іске асырып отырған шаруа туралы Қазақстан президентінің телерадиокешені "Қар тоқтату – тиімді технология" қысқа метражды деректі фильмін ұсынды. Фильмде қар тоқтатудың тиімділігі көрсетіліп, мамандар пікірі айтылған.
Фильмнің басты кейіпкері – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданына қарасты Көкжайық ауылында шаруашылықпен айналысатын Түсіпбай Бекбердинов.
Биыл Көкпекті ауданына былтырға қарағанда қар қалың түскен. Алайда бұл жердің ауа райы желді болғандықтан, егістік алқап үстіне түскен қар ұшып кетеді. Сол себепті фермер тегін жатқан ылғал көзін ұстап қалу үшін барын салады.
"Көктемде асықпай ериді, жер өзі керегінше алады. Жаңбыр 10 маусымнан бастап жауады, соның ылғалы бізге жетеді... Қазір 2 мың гектар жерді тамшылатып суарамыз, 3 мың гектар жерге қардың суын жібереміз де, сол жерде даланың шөбі суарылады", - дейді шаруа.
Шаруа егін және мал шаруашылығымен қатар айналысады. Қорасында 5 мың бас ірі қара мал бар.
Қар тоқтату, жауған қарды боранға ұшыртпай ұстап қалу оңай жұмыс емес. Ең алдымен оған техника қажет.
Түсіпбай Бекбердинов осыдан 10 жыл бұрын шетелден қымбат техника сатып алған, қазір соның тиімділігін көріп отыр.
Сондай-ақ Ақмола облысы Шортанды ауданында орналасқан Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары дәл қазір 262 гектар егістік алқапқа қар тоқтату жұмысын жүргізіп жатыр.
Жаңалықтар
0