Көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға бөлінетін қаржы екі есе көбейеді

© Информационный центр ВКОКөктемгі дала жұмыстары
Көктемгі дала жұмыстары - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2022
Жазылу
"Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" форвардтық сатып алуға 80 миллиард теңге бөледі
НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс жұмыстары мен егін жинау науқанына бөлінетін қаржыны екі есеге көбейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде қосымша қаржыландыру көлемін 70 миллиард теңгеге ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Осылайша бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасы 140 миллиард теңгеге дейін өседі. Қосымша қаражат бөлінсе, тағы 1 300 шаруашылықты қаржыландыруға мүмкіндік болады. Қазірдің өзінде "Кең дала" бағдарламасы аясында 77,6 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 2673 өтінім келіп түсті.
"Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржыландыруға 80 миллиард теңгеге дейін бөледі. Бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе жоғары. Қазірдің өзінде 66 миллиард теңгеден астам сомаға 374 өтінім келіп түсті, 53,5 миллиард теңге сомаға 176 АШТӨ қаржыландырылды", - дейді министрлік мамандары.
Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша 2,3 миллион тонна тұқым себілді, бұл жоспардың 100,8% құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар тұқымы – 2,0 миллион тонна (жоспардың 101,3%), майлы дақылдар – 89,1 мың тонна (жоспардың 96,2%), жем-шөп – 15,3 мың тонна (жоспардың 80,4%), картоп – 237,3 мың тонна (жоспардың 99,9%).
Техниканың дайындығы шамамен 92% құрап отыр, 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық.
"Облыс әкімдіктері мұнай өңдейтін зауыттардан өңірлерге және кейіннен АШТӨ өткізу үшін дизель отынын сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз ететін операторларды айқындау жөніндегі іс-шараларды аяқтап жатыр. Оңтүстік өңірлерде тиеп-жөнелту басталды", - делінген ресми хабарламада.
Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын қаржыландыру 29,7 миллиард теңге көлемінде қамтамасыз етілді, бұл егіс алаңын 100% өңдеуге мүмкіндік береді. Шамамен 659 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыштарды 226 мың тонна көлемінде жеткізуге келісімшарт жасалды, аграршыларға 56 мың тоннаға жуық тыңайтқыш тиелді.
"Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі өз қызметінде өткен жылғы қуаңшылықпен, логистикалық тізбектердің бұзылуымен, шикізат пен өнім бағасының өсуімен, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуімен байланысты күрделі жағдайды ескереді. Туындайтын тәуекелдерді нивелирлеу үшін министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен, бизнес өкілдерімен және жұртшылықпен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, өз саясатына түзету жүргізеді", - дейді мамандар.
Жаңалықтар
0