Үкіметте халықтың табысын арттыру бағдарламасы таныстырылды

© Sputnik / Владислав ВодневҮкімет ғимараты
Үкімет ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2022
Жазылу
Бағдарлама жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы іске асырылады
НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бағдарлама халықтың нақты табысын арттыруға және жұмыспен қамтуға бағытталған. Ол жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы іске асырылады.
Жаңа жұмыс орындарын өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау, ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау арқылы ұлғайту жоспарланып отыр.
Жеке үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, микрокредит беру ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыруға ықпал етеді.
"Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі. Оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады. Ал бос жүрген жастарды жұмысқа тарту нақты шаралар арқылы жүзеге асырылады", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Сонымен қатар бюджет қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлер мен кіші медициналық персонал, мұғалімдердің жалақысы өседі.
Бұған қоса еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінеді.
"Қазіргі экономикалық жағдайда бұл – күрделі мәселе, алайда оны шешу үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек. Азаматтардың табысын арттыру мәселесі бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды. Қорыта келгенде Ұлттық даму жоспары да, ұлттық жобалар да, жалпы үкіметтің бағдарламалық құжаттарының бәрі де халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр", - деді премьер-министр.
Смайылов ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірге бағдарламадағы іс-шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Тиісті мемлекеттік органдар, "Самұрық-Қазына" қоры, әкімдіктер жұмыскерлер жалақысын ұлғайтуы, сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын арттыруы қажет екенін айтты.
Үкімет жалпы Халықтың табысын арттыру бағдарламасын мақұлдады.
Жаңалықтар
0