Қоғам

Қазақстандық студент Прагада жоғалып кетті

© Photo : StockSnapархивтегі сурет
архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2022
Жазылу
Қазақстандық жас жігіттің әкесі ұлының жоғалғаны туралы ақпарат таратты. Түрлі елдегі мыңдаған азаматтар оған өз баласын іздестіруге көмектесіп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз — Sputnik. Қазақстандық Олег Кузьмин ақпанның соңында Прагада жоғалып кетті.
Оның әкесі Сергей Кузьмин Instagram әлеуметтік желісінде аккаунт құрып, ұлын іздестіруге көмектесуді сұрап отыр. Сондай-ақ ол осы парақша арқылы іздеу жұмыстарының барысымен бөліседі.
Ер адам алғашқы постты бес күн бұрын жариялаған.
Олег Кузьмин 2019 жылдан бері жекеменшік Ambis университетінде білім алады және Прагадағы Blanice жатақханасында тұрады.
Ер адамның айтуынша, 20 жастағы Олег 26 ақпанда түнгі клубқа барғаннан кейін Чехияның астанасында жоғалып кеткен.
"2022 жылдың 26 ақпанында Тараз қаласындағы жергілікті уақыт бойынша сағат 08:47 минутта ұлым маған қоңырау соқты. Ол менен жәрдем сұрап, "Әке, көмектесші" дегенді ғана айтып үлгерді. Одан кейін оның ұялы телефонының қуаты таусылып қалған секілді", - деп жазды Сергей Кузьмин.
Оның айтуынша, полция әлі ешқандай белгі тапқан жоқ. Сондықтан қазақстандық жанашыр адамдардан көмек сұрауға мәжбүр болған.
"Тергеуші WhatsApp-тағы хабарламаға жауап бермейді, телефон көтермейді, Прага полициясы жүргізген іздеу жұмыстары еш нәтиже берген жоқ. Жас жігіт көшеде бақылау камерасы көп қала орталығында жоғалып кетті. Полиция камераларды тексеру нәтижесі туралы жақ ашпай отыр. Мен сіздерден көмек сұраймын. Кузьмин Олег Қазақстан Республикасының азаматы", - деп жазды ол.
Республиканың сыртқы істер министрлігі Sputnik Қазақстанға чех полициясы жас жігітті іздеуді жалғастырып жатқанын хабарлады. Консул бұл жағдайды жеке бақылауда ұстап отыр.
"Адам ине емес қой, ол Прага орталығында, Еуропада, өркениетті елде, миллиондаған студенттер мен туристер үшін қауіпсіз мемлекетте жоғалып кетті. Қалай нәтиже жоқ?" – деп наразылық танытты Сергей Кузьмин.
Қазақстандықтың айтуынша, ұлын іздестіруге оған Қазақстан, Чехия және басқа да елдердегі мыңдаған адам көмектесіп жатыр.
Соңғы рет жариялаған видеолардың бірінде ол 26 ақпаннан бері Олегті іздестірумен айналысып жатқан полиция сол күнгі оқиғаға қатысы бар азаматтардың ешқайсысынан жауап алмағанын мәлімдеді.
"Детектив ешқандай ақпарат бермей отыр. Полиция да әрекетсіздік танытуда. Консулдықтағыларға рақмет, көмектесіп жатыр", - деді ер адам.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Чехиядағы консулдығының қолдауымен Сергей Кузьмин виза алып, Прагаға жету үшін Нұр-Сұлтанға келді.
Жаңалықтар
0