Алматыда қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 1200-ге жуық кәсіпкер өтемақы алды

© REUTERS / PAVEL MIKHEYEVАлматы, архивтегі фото
Алматы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2022
Жазылу
Алдын ала болжам бойынша қалада зардап шеккен барлық бизнес өкіліне төленетін өтемақы 20-25 миллиард теңге болуы мүмкін
АЛМАТЫ, 10 наурыз – Sputnik. Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 1 188 кәсіпкерден өтемақы алу үшін 1 355 өтініш түскен.
Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, InfoKazakhstan электронды платформасы арқылы түскен өтініштің барлығы қаралды.
Өңірлік комиссия отырысының қорытындысы бойынша 1 139 өтінішке 5,2 миллиард теңге төлеу туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 4,1 миллиард теңге сомасындағы 595 өтініш бюджет қаражатынан, қалған 544 өтініш үшін бір миллиард теңгеден астам сома "Жаңа Алатау" қорының қаражатынан мақұлданды.
"Қалған 216 өтініш пысықтау үшін жолданды, оның ішінде 120 өтініш бойынша құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған, 96 өтініш жеңілдетілген механизм шеңберінде өтем сомасымен келіспеуге байланысты сот сараптамасына жолданды", - деді Еркебұлан Оразалин.
Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, алдын ала болжам бойынша қалада зардап шеккен барлық бизнес өкіліне төленетін өтемақы 20-25 миллиард теңге болуы мүмкін.
"Кәсіпкерлердің барлығы өтемақы алуға өтініш берген жоқ, алайда олардың саны көп болмауы да мүмкін. Оларға мемлекет 2022 жылдың аяғына дейін келтірілген шығынды өтеуге өтемақы сұрау құқығын берді", - деді ол.
Оның сөзінше, комиссия кәсіпкерге өтемақы көлемін белгілегеннен кейін қаржы екі күн ішінде аударылады.
Сондай-ақ қалада зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын жедел қалпына келтіру мақсатында комиссия Qoldaý кәсіпкерлік орталығының жанынан кеңес беру штабын құрды.
Өтемақы алу үшін зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Байзақов көшесі, 303, 101-кабинет мекенжайы бойынша кеңес үшін келе алады.
Жаңалықтар
0