Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Қаңтар оқиғасы: депутаттар құқық қорғау органдарынан халыққа ашық жауап беруді талап етті

© Sputnik/Александр Мироглов Архивтегі фото

Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2022
Жазылу
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов лауазымды тұлғалардың қатысуымен қаңтар оқиғасына қатысты тыңдау ұйымдастыруды тапсырды
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" тобының мүшелері мемлекеттік орган басшыларынан жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға ашық жауап беруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісмен Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін екі ай өтсе де, қазақстандықтар негізгі сұрақтарға жауап ала алмай отыр.
"Жақында әріптестерім әр өңірде болып, халықпен кездесіп, әлеуметтік мәселелерді өз көзімен көріп қайтты. Сол кездесулерде қоғам тарапынан, елдегі белсенді азаматтардан, БАҚ өкілдерінен "қаңтар оқиғасына құқықтық баға қашан беріледі" деген сұрақтар қойылды. Әлбетте, депутат ретінде біздің қылмыстық істерге араласуға, баға беруге құқығымыз жоқ. Десек те қоғам тарапынан қойылған талап-тілектерді тиісті мемлекеттік құрылымдардың алдына жеткізуге міндеттіміз", - деді ол бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Жанарбек Әшімжановтың өзі қаңтар оқиғасы кезінде қатты зардап шеккен Алматы облысы мен Алматы қаласында болған. Мәжіліс депутаты ретінде халықпен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездескен. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының өтінішімен Талдықорғандағы тергеу изоляторында болып, жастармен сөйлескен.
"Себебі істі болып жатқандардың ата-аналары мен туыстары тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адам төзгісіз түрлері қолданып жатыр дегенді алға тартты. Бүкіл камераны аралап, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды алаңдап отырған туыстарына, әке-шешелеріне жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестерім Алматы, Шымкент, Тараз қаласында да өткізді", - деді мәжілісмен.
Әшімжанов арада екі ай өтсе де, қоғам неге сол қасіретті оқиға туралы бастапқы ақпараттарға қол жеткізе алмай отырғанын сұрады.
"Ең бірінші кезекте мемлекеттік төңкеріске қадам жасалды деген сөз айтылды. Ал елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, ірі қалаларда әкімшілік ғимараттар мен бизнес орындарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуыл жасағандар кімдер? Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, қару ұрлаған кімдер? Қанша адам жәбірленді?Арандаған кімдер, арандатқан кімдер? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Тергеу қашан аяқталады? Міне, қоғам тарапынан қойылған сұрақтар әлі күнге ашық күйінде тұр", - дейді депутат.
Мәжілісмен күштік құрылымдар, мемлекеттік орган басшылары тез арада мәжіліске келіп, қаңтар оқиғасына қатысты сауалдарға ашық жауап беруі керек екенін атап өтті.
Әшімжановтың депутаттық сауалынан кейін мәжіліс спикері Ерлан Қошанов аппарат басшысына осы мәселе бойынша тыңдау ұйымдастыруды тапсырды.
"Қоғам қаңтар оқиғаларына байланысты сұрақтарға жауап күтіп отыр. Осыған байланысты жалпы отырыстардың бірінде тиісті лауазымды тұлғаларды тыңдаған дұрыс қой деп ойлаймын. Заңнамада тиісті лауазымды тұлғалардың мәжіліс отырысында депутаттық сауалға ауызша жауап беруіне мүмкіндік бар. Сондықтан тиісті комитет пен аппарат басшысына осы мәселені ұйымдастыруға тапсырма беремін", - деді Қошанов.
Жаңалықтар
0