Павлодар облысы төрт мың қоныс аударушыны қабылдауға дайын

© Photo : предоставлено пресс-службой КТЖПойыз
Пойыз - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2022
Жазылу
Павлодар облысында 4 мың бос жұмыс орны бар. Техникалық мамандар, дәрігерлер мен педагогтар аса сұранысқа ие
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден көшіп келетін отбасылардың саны жыл сайын артып келеді. Қазірдің өзінде 250 адам көшіп баруға дайын отыр, деп хабарлады Хабар 24 арнасы.
Облыста дәрігер, мұғалім, агроном, ветеринар сияқты мамандықтар сұранысқа ие. Осы мәселені ішкі көші-қон бағдарламасы арқылы шешуге мүмкіндік бар. Осыған байланысты Павлодар облысы биыл қоныс аударушыларды қабылдайтын аймақ ретінде бекітілді. Бұл жаққа оңтүстік өңірлерден көшіп келген адамдар аз емес.
Мәселен, Түркістан облысының Жетісай ауданында туып-өскен Гүлжан Қумышева үш жыл бұрын Павлодар облысына көшіп барған.
"Мен медициналық біліммен тұрақты жұмыс таба алмадым. Алты баланы 35 мың айлықпен асырау қиын болған соң тез арада шешім қабылдап, Павлодар облысына көшіп кеттім. Оған еш өкінбеймін. Балаларымның оқығаны керек болды. Өйткені менде 4 ұл. Төрт ұлдың әрқайсысы диплом алып, келешекте өз отбасын асырауы керек", - дейді көпбалалы ана.
Ол Павлодар облысының суығына бейімделіп қалған. Жергілікті халықтың көпбалалы аналарға ерекше құрметпен қарайтыны да ұнапты. Әкімдік үйіне суды тегін кіргізіп берген.
"Оңтүстікте бір үйде үш келіннен тұрып жатады. Солар қоныс аударып, жұмыспен қамту орталықтарымен еңбек етсе, баспана беріліп жатыр. Бұл жақта от жағудан қиналамын демесе, күл аламыз, оған да үйрендік", - дейді Қумышева.
Ауылдық амбулаторияда жұмыс істейтін Аида Рысқұл оңтүстікте қызметке тұра алмаған. Ақша сұраған. Бірақ жас маман оны тауып бере алмайды. Содан Павлодар ауданының Набережное ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа келген. Өңірге аға-жеңгесін бес баласымен бірге көшіріп алыпты. Қалаға жақын тұрған елді мекенде өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан жұмыс жағынан қиындық жоқ. Биыл аудан тағы 55 отбасыны қабылдайды. Халық саны 220 адамға көбейеді.
Ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша келген отбасыларға субсидия беріледі. Адам басына – 70 АЕК мөлшерінде.
"Сонда 214 410 мың теңге адам басына беріледі. Ол жолақысы субсидиясы деп аталады. Одан басқа 12 айға үй жалдап тұру ақысы төленеді. Ол отбасындағы адам санына байланысты болады, 45 мың теңгеден 64 мың теңгеге дейін төленеді", – дейді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Кенжетай Кәдікен.
Биыл ішкі көші-қон бойынша 2800 адамға аймақтық квота қарастырылған. Тағы 800 квота қандастарға бөлініп отыр. Қазірдің өзінде басқа өңірлерден көшіп келуге 220, қандастардан 30-ға жуық өтініш түсіпті.
Павлодар облысында 4 мың бос жұмыс орны бар. Олардың ішінде ауыл шаруашылығына қажет мамандар, қызмет көрсету саласы, техникалық мамандар, сол сияқты дәрігерлер мен педагогтар аса сұранысқа ие. Облыс мектептеріне 700-тарта мұғалім керек.
Айта кетері, еңбек бағдарламасы басталған бес жылда Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарынан 9 мыңдай адам Павлодар облысына қоныс аударған. Олардың ішінде 450 адам басқа жаққа ауысып кетті.
Жаңалықтар
0