Сапасыз интернет үшін операторларға 3 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2022
Жазылу
Арыз-шағымның көбеюі интернетке қатысты проблеманың бар екенін көрсетіп отыр
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Парламент мәжілісі бірінші оқылымда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасын парламенттің бір топ депутаты әзірледі.
Мәжіліс депутаты Жанна Телпекбаеваның айтуынша, пандемия және халықтың қашықтан жұмыс режиміне көшу кезінде байланыс қызметтері сапасының маңыздылығы арта түсті. Ол халықтан келіп түсетін шағымдардың көбеюінен байқалып отыр.
"Арыз-шағымның көбеюі және жүргізілген тексерістер бойынша анықталған заңбұзушылықтар интернетке қатысты проблеманың бар екенін дәлелдейді", - деді депутат.
Айтуынша, қазір Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектісіне 100 АЕК (306 300 теңге), бір жыл ішінде қайталап жасаған құқықбұзушылық үшін 200 АЕК (612 600 теңге) айыппұл салынады.
Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі заңбұзушылық фактісін мойындаса, онда ол тек 50 АЕК (153 150 теңге), яғни 50 немесе 100 АЕК айыппұл ғана төлейді.
"Операторларға, көбінесе, қосымша жабдық орнату не өз желісін дамытудан гөрі айыппұлдың жартысын төлеген ыңғайлырақ. Сайып келгенде, байланысқа қатысты барлық қолайсыздық оператор алдында өз міндеттемелерін тұрақты негізде орындайтын, яғни тарифті толық көлемде төлейтін абоненттерге әсер етеді. Осыған байланысты байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу, сондай-ақ интернет сапасының белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл сомасын ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауапкершілігін күшейту ұсынылады", - деді Телпекбаева.
Осылайша жаңа заң жобасында әкімшілік айыппұлды 1 000 АЕК-ке дейін (3 063 000 теңге), ал бір жыл ішінде қайталап жасаған құқықбұзушылық үшін 1 500 АЕК (4 594 500 теңге) дейін көтеру ұсынылып отыр.
Депутаттың айтуынша, бұл азаматтардың сапалы байланыс пен интернет қызметтерін алу құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар операторлар арасында бәсекелестік үшін қосымша жағдай жасауға жол ашады.
Желі жабдығы - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2022
Ресей жаһандық интернеттен ажыратылуы мүмкін: вице-министр Қазақстанға әсері жайлы айтты
Жаңалықтар
0