Видео

"Қысқа ғұмыр, ықшам аңыздай...": балет әртістері "Қыз Жібекті" жаңа форматта көрсетті

Жазылу
Әлемдік мәдени мұраға енгізілген "Қыз Жібек" поэмасын "Астана балет" театрының әртістері, хореографтары жаңа форматта көрсетуге тырысты
Astana Ballet театрының әртістері қазақ фольклорының інжу-маржаны, нәзік махаббат суреттелетін "Қыз Жібек" поэмасын Nature Dance ("Табиғат биі") жобасында ерекше сомдап шықты.
Видео әр адамның жүрегіндегі ыстық сезім, шексіз көңіл, кіршіксіз махаббат дархан даланың табиғатымен үйлесіп, даланың да махаббат секілді шексіздіктен тұратынын көрсеткендей. Төлеген мен Жібектің арасындағы махаббат ауыздан ауызға тарап, ел арасында мөлдір көңілдің символы болған. Олар қиялдан туған кейіпкер емес, сол сезімді сезіне алған бақытты жандардың бірі, тарихи кейіпкерлер. Бірін-бірі шын сүйген қос ғашық әке батасынан аттаған соң бірі ажал құшады, бірі артынан жоқтап қалады.
Жібек – сұлулық пен әсемдіктің символы. Театр әртістері оны жаңа форматта таныстырып, жағымды үн, сапалы видео арқылы көрерменге жолдады.
"...Саған деген сезімім қанат қаққан көбелектей Аңсаумен өтер әр күнім Заман ағысына қарамай, Ұмтылар алға ақ сәуле Белеске жетіп алайда Ұйқыға кетер маужырап. Саған деген сезімім келте келер Қысқа ғұмыр, баянсыз бақ, ықшам аңыздай...", дейді Қыз Жібек.
Айта кетері, Nature Dance ("Табиғат биі") жобасының түсірілімі Қазақстанның әдемі жерлерінде өткен. Ол қатарда Бурабай, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Маңғыстау облысының тарихи жерлері, Алматы облысындағы Ақтау таулары, Тұзкөл көлі, Шымбұлақ секілді табиғаты көркем жерлер бар.
"Астана Балет" театры әртістерінің қатысуымен жүзеге асқан жобаны тек хореографиялық жоба деп айтуға келмейді, себебі бұл Қазақстанның таңғажайып табиғатын, мәдени-фольклорлық мұрасын насихаттайды.
Жаңалықтар
0