Қоғам

Он екі жыл бойы таксист болып жүрген қазақ қызы өз арманын айтты

© Photo : Анардың жеке архивінен алындыТаксист қыз
Таксист қыз - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2022
Жазылу
Шынымды айтсам, бұл кәсіпке қиын жағдай болған кезде бет бұрдым, дейді ол
НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Анардың көлігіне отырған адамдардың бәрі: таксист болуға қорықпайсың ба?" деген сұрақты жиі қояды. 12 жыл бойы күн сайын болмаса да, екі күнде бір рет көлікке мінген клиенттер рөлде қызды көргенде таңғалады. Анар оған әбден үйренген. Күліп жауап бере салады. Ол өз көлігін бес саусағындай біледі. Ал техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкерлері оны алдай алмай, дал болады.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген таксист қыз осы кәсіпке қалай бет бұрғанын және ондаған көлікті қалай ауыстырғанын айтып берді.

Алғашқы көлікті алуға анам көмектесті

"Биыл қыркүйек айында таксист болып жұмыс істеп жүргеніме 12 жыл болады. Шынымды айтсам, бұл кәсіпке қиын жағдай кезінде бет бұрдым. Балаларым бар...Содан жүргізуші куәлігіне құжат жинап, емтиханды тапсырдым. Анам алғашқы көлігімді алып беруге көмектесті. Ескі Audi ғой. Содан бері 9 көлік ауыстырдым", - деп бастады өз әңгімесін.
Ол алғашқы көлігімен біршама ақша жинап, Mersedes сатып алған. Содан кейін тағы екі "Мерс" болды.
"Артынан өмірімде бір өзгерістер болды, қайтадан ескі көлік алуға тура келді. Оны Honda-ға айырбастадым. Кроссовер CR-V бар ғой. Одан кейін Hyundai Elantra сатып алдым. Қазір Kia мініп жүрмін. Оны айдап жүргеніме алты жыл болды", - дейді Анар.

Жауапкершілік қорқыныштан басым тұрады

2010 жылы такси қосымшалары болған жоқ. Анар вокзалдағы таксист ер адамдармен жарысып, "Көкшетау – Астана" бағытында адам тасыды. Одан кейін облыс орталығының өзінде жұмыс істеді. Кейін елордаға ауысып, клиентті жолдан іздеген.
"Мейрамхананың жанында тұрдық. Ол кезде қазіргі такси қосымшалары жоқ қой. Бәрі таксиді жол жиегінен ұстайды. Соларды аңдып жүреміз. Көлікке отырған адамдардың көбісі "Қалай қорықпайсың?" деп сұрайды. Мен күліп, жауап бере саламын. Бірақ ол кезде балаларды асырау керек қой. Үйде қорқып отырғаннан не пайда? Олай ақша таба алмайсың. Жауапкершілік қорқыныштан басым тұрады", - деді ол.
Анардың екі қызы бар. Үлкені оқуды тәмамдаған. Екінші қызы әлі білім алып жүр. Бала кезінде көп нәрсені түсінбеген. Қазір екеуі де анасы үшін алаңдайды. Себебі такси ауыр әрі қауіпті кәсіп екенін біледі. Анар да барынша сақтық шараларын сақтайды.
"Әлі есімде, 2011 жылы қыста қатты боран болған. Көшеде тұрған екі адам 300-ақ теңге бар деп, үйге апарып тастауды өтінді. Әрине, отырыңыз дедім. Сөйтсе, біреуі мас екен. Үйіне келгенде тура кіреберіске дейін апаруды бұйырды. Апардым. Бір кезде аяқастынан бір нәрсеге долданып шыға келді. Көлікті ұрып, айқайлай бастады. Мен кілтімді алдым да, далаға атып шықтым. Сосын жолдың арғы бетіне өтіп кеттім де, қарап тұрдым. Олар біршама уақыттан кейін үйіне кіріп кетті. Дала ақтүтек боран, екеуі кеткесін қайтадан көлігіме бардым. Сол оқиға есімнен әлі күнге дейін кетпейді", - дейді Анар.

Жолды жақсы көремін

Анар осы уақытқа дейін барлық такси қосымшаларында жұмыс істеп шықты. Қазіргі кезде қалааралық тасымалмен айналысады. Оның айтуынша, такси қызметі болсын, басқа кәсіп болсын, жақсы табыс табуға болады. Ең бастысы, адамға айналысып жатқан ісі ұнауы керек.
"Мысалы, маған көлікпен жүрген ұнайды. Жолды жақсы көремін. Әлі есімде, астанадағы жаңа вокзал салынып жатқанда шетелдік компанияда көлік жүргізуші болып жұмыс істедім. Сонда таңғы 7-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыста боламын да, тамақ ішіп алғаннан кейін тағы жолға шығып кетемін. Түнгі сағат 00:00-ге дейін адамдарды тасимын. Сонда кәдімгідей қажеттілік болған. Одан кейін үйге барып, рақаттанып ұйықтайсың", - дейді Анар.
Ол өте тәртіпті жүргізуші, жол ережесін бұзбайды, ал алыс жолға шыққанда міндетті түрде ұйқысын қандырып алады.
"Мен күнде көлікпен, кем дегенде,15 сағаттай жүремін. Сенбі күні үшке дейін жұмыс істеймін де, дүйсенбіге дейін өзім де, көлігім де демалады. Жұмыс кестесі сондай. Мейрам күндері де демалыс. Заң бойынша солай ғой (күлді)", - дейді кейіпкеріміз.

Ескі көліктермен тәжірибе жинадым

Таксист қыз әрбір көлігін бүге-шүгесіне дейін біледі. Бұған дейін талай рет көлігі сынған. Әсіресе, ескі көліктермен біраз тәжірибе жинап алды.
"Бір рет "Астана-Көкшетау" тасжолында майдың датчигі қосылды. Капотты ашып қалсам, бәрі май, бір жерден атылып кеткен ғой. Қайта қосымша май болды. Соны құйып қалаға жеттім. Абырой болғанда, қозғалтқыш сыр берген жоқ. Бірақ астанадағы Иманова көшесінде суға батып кеткеннен кейін "гидроудар" болған. Артынан жөндеуге тура келді", - дейді Анар.
Бүгінде техникалық қызмет көрсету орталығының мамандары кей кезде оны алдап кетуге тырысады. Бірақ бұдан дым шықпайды.
"Олардың қулығына найза бойламайды (күлді). Әйел жүргізушіні көрсе, ананы-мынаны ауыстыру керек деп шыға келеді. Ондайларға күлкім келеді. Бірақ білдіртпеймін, көлігімді алып кете саламын. Жақында екі темір бір-біріне тиіп тұрған сияқты біртүрлі дыбыс шыққан.Техникалық байқауға апарсам, бастығына дейін келіп, көріп кетті. Өтірікті жіберді кеп (күлді). Мен танысыма бардым да, анау жері шығар дедім. Сөйтсе, тура сол екен. Бұған дейін жөндеген, дұрыс қатайтпапты", - дейді таксиші қыз.

Арамызда өзара "махаббат" бар

Ол әрбір көлігіне жанды нәрсе ретінде қарайды, онымен сөйлеседі, сырын айтады. Мысалы, қазіргі көлігін "Лялечка" деп атайды. Оған барынша ұқыпты қарайды, ылғи тексерістен өткізіп тұрады.
"Мен көлікке өте мұқият адаммын. Көлігіме бірдеңе болса, қатты алаңдаймын. Балаларым үшін олай алаңдамайтын шығармын. Оларға дәрі беріп, емдейсің ғой. Ал көлік сынса, жаным жай таппайды. Барлық диагностикасын жасап, себебін анықтауға тырысамын. Негізі, өзім де көлікке бірдеңе болғанын дыбысынан білемін. Біздің арамызда өзара "махаббат" бар (күлді). Содан болар мені жолда қалдырмайды, жарты жолда ешқашан сынбайды", - дейді таксиші қыз.
© Photo : Анардың жеке архивінен алындыБалаларым үшін олай алаңдамайтын шығармын, дейді Анар көлігі жайлы
Такси машина - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2022
Балаларым үшін олай алаңдамайтын шығармын, дейді Анар көлігі жайлы
Сөз соңында біз рөлде отырған әйелдердің "дискриминациясы" туралы сұрадық. Бүгінде ер адамдар қыз-келіншектердің көлік жүргізу мәдениетін жиі сынға алып, жолда ұрысып жатады.
"Бас кезінде мен артқа жүре алмадым. Сол кезде көлікті алдымен шығып кететіндей етіп тұраққа қоюға тырыстым. Ал ондай мүмкіндік болмаса, өтіп бара жатқан ер адамдардан көмек сұрайтынмын. Қазір олай емес. Негізі, кәсіби жүргізушінің өзі кей кезде қателесіп қалады ғой. Еркек болсын, әйел болсын, адамның жағдайына байланысты. Мысалы, ұйқы қанбаса, я болмаса, ауырып тұрған кезде адам шатасады. Мен өзім ұрысатын еркектерге күліп қараймын да, құтыла саламын", - деді Анар.
Таксист қыз соңғы көлігімен 400 мың шақырым жүрген. Ал бұған дейінгі автомобильдермен бірге жолдың ұзындығы 1 миллион шақырымнан асып кетеді.
Анардың ендігі мақсаты - техникалық қызмет көрсету орталығын ашу.
Жаңалықтар
0