Саясат

Тоқаев Германия президентімен телефон арқылы сөйлесті

© Sputnik / Абзал КалиевАқорда ғимараты
Ақорда ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.03.2022
Жазылу
Мемлекет басшылары Украинадағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасты
НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз — Sputnik. Германия тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшылары Украинадағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Франк-Вальтер Штайнмайер Ресей басшылығының Украинаға қарсы әскери іс-қимыл бастау жөніндегі күтпеген шешімінің себептеріне қатысты Еуропа одағының белгілі ұстанымын жеткізді.
"Әскери іс-қимылдар бұл елді гуманитарлық апатқа алып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл мемлекеттің БҰҰ жарғысындағы нормалар мен қағидаттарды берік ұстануға тиіс екенін айтты. Президент Украина дағдарысын өте ауыр деп санайды", - делінген хабарламада.
Сондықтан ол бейбіт тұрғындардың бұдан былай жапа шекпеуі және Украина аумағындағы азаматтық инфрақұрылымның толық қирауына жол бермеу үшін қақтығысты бейбіт жолмен шешудің жаңа дипломатиялық мүмкіндіктерін қарастыру керек деп отыр.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Украина халқына дәрі-дәрмек және басқа да қажетті азық-түлік жағынан гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазіргі уақытта оларды көзделген жерге көлікпен жеткізу жолдары қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан үкіметі 435 азаматымызды елге және 650-ден астам адамды Еуропа елдеріне эвакуациялауға қол ұшын созды.Президенттер Украина мәселесі бойынша өзара байланыс жасап тұруға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер екі елдің қарым-қатынасы тұрақты түрде ілгерілеп келе жатқанына назар аударды, делінген Ақорда сайтында.
Бұған Қазақстан президентінің 2019 жылы желтоқсанда Германияға жасаған ресми сапары септігін тигізді. Мемлекет басшысы Германия президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Франк-Вальтер Штайнмайер шақыруды ризашылықпен қабыл алды.
Әңгімелесу соңында Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанды жаңғырту саясатын қолдайтынын және әріптесінің саяси және экономикалық реформалар арқылы алға ілгерілеу ниетін құптайтынын айтты.
Жаңалықтар
0