Қоғам

Вице-министр мен әкім де бар: жемқорлық үшін екі айда 40 шенеунік ұсталды

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуКісен, күдікті
Кісен, күдікті - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.03.2022
Жазылу
Кездесу қорытындысы бойынша президент агенттік төрағасына бірқатар тапсырма берді
АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке агенттіктің биыл атқарған жұмысының нәтижесі және резонанс тудырған қылмыстық істердің тексерілу барысы туралы есеп берілді.
Бектенов ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басталғалы екі ай ішінде 240 адамның, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 40 басшының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені әшкереленді.
Олардың қатарында бір вице-министр, бір қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 жетекшісі бар. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін күдіктілердің құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.
Сонымен қатар президентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы туралы мәлімет берілді. Ведомство жетекшесінің айтуынша, ақпанда Парламент мәжілісі негізсіз байығаны үшін жауапкершілік туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметтерінің жұмысына, сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың дербес жауапкершілігі институтын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді.
Бұдан бөлек қазіргі уақытта "follow the money" қағидаты бойынша қаржылық тергеуді дамытуға, пара беру жөнінде уәделесуге және пара ұсынуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті енгізуге және сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы пысықталып жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновке сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға және сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктен бұлтару мүмкін болмауын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Жаңалықтар
0