Қоғам

Әскери қызметшілерді баспанамен қамту: сенат заң жобасын мәжіліске қайтарды

© Sputnik / Абзал КалиевБаспана, кілт
Баспана, кілт - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.03.2022
Жазылу
Парламент сенаты мәжіліс мақұлдаған нормаларды қабылдап, өздері енгізген түзетулерді мәжіліске жіберді
НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Парламент сенаты кейбір заңнамалық актілерге әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері туралы заң жобасына екі түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әскери қызмет атқаруды реттеуге бағытталған.
Заң жобасы аясында "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңдарға түзетулер енгізіледі.
Бірінші. Тұрғын үй төлемдері тәртібін жетілдіру және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, ал олар қаза тапқан жағдайда – олардың отбасы мүшелерін баспанамен қамтамасыз ету.
Атап айтқанда, еңбек сіңірген жылдары он және одан да көп жылдан асатын, асырауында мүгедек баласы бар тұлғаларға, сондай-ақ әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен босатылған адам қаза тапқан жағдайда, отбасы мүшелеріне өздері тұратын тұрғын үйді өтеусіз алу құқығы беріледі. Сондай-ақ баспанаға мұқтаж деп танудан бас тарту жағдайлары нақтыланды. Олар:
мертігу немесе ауыру салдарынан қызметтен босатылған кезде біржолғы ақшалай өтемақы түрінде тұрғын үй төлемдерін алу;
өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу;
өзінің тұрғын үй төлемдерін баспананы меншігіне сатып алу, тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы өзінің тұрғын үй жағдайын жақсарту, бұрын алынған ипотекалық кредитті өтеу, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу және тұрғын үй, тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезінде жарнаны төлеу мақсатында, сондай-ақ кейіннен сатып алатын үйді жалға алу ақысын төлеу үшін пайдалану.
Екінші. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерудің жекелеген мәселелерін реттеу.
Теріс себептер бойынша қызметтен босату жағдайлары кеңейтіліп отыр. Дәлірек айтқанда, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері қызметтен тыс уақытта есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді медициналық емес мақсатта пайдаланса, қоғамдық орынға мас күйде арнайы формада келсе және ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысқаны анықталса, ол теріс себептермен жұмыстан шығарылады.
Бұған қоса, қызметкердің ақшалай ризығын тоқтату жағдайлары нақтыланды. Сондай-ақ ол теріс себептер бойынша қызметтен босатылған жағдайда сауықтыру жәрдемақысын қайтаруға міндеттеледі.
Үшінші. Әскери қызмет өткерудің жекелеген мәселелерін тәртіпке келтіру.
Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтарына ұқсас әскери қызметшілердің лауазымдық және арнаулы міндеттермен, сондай-ақ жеке іске енгізілгенге дейін қызметтік жұмысы туралы пікірлермен танысу, жазбаша түсініктемелер мен материалдарды жеке іске қосу құқықтары кеңейтіледі.
Сонымен қатар, әскери қызметшілердің міндеттері толықтырылды. Олар қызметтік әдепті сақтауға, әскери мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар оларға көпшілік алдында әскери қызмет мүдделеріне зиян келтіретін сөз сөйлеуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, әскери қызметші өзі, жұбайы немесе жақын туыстары шет мемлекеттің азаматтығын қабылдауды жоспарласа, азаматтықтан шығу туралы өтініш берсе, дереу командирді (бастықты) хабардар етуге тиіс. Теріс себептер бойынша, сондай-ақ азаматтығының тоқтатылуына байланысты әскери қызметтен шығарылған кезде оны оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жұмсалған қаражатты мемлекетке өтеуге міндеттеледі.
Сондай-ақ әскери қызметтің беделін түсіретін теріс қылықтарды нақтылайтын бірқатар түзету енгізілді, әскери қызметтен босату негіздері толықтырылды, Үкіметке азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді айқындау тәртібі жүктеледі. Сенат бұл нормаларды қолдап, заң жобасына қосымша екі түзету енгізді.
"Заң жобасын талқылау барысында мәжіліс мақұлдаған заң жобасына әскери қызметшілердің құқықтарын реттеу мәселелерінде кешенді көзқарасты қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 6-бабы 2-тармағының қолданыстағы редакциясын сақтау бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады", - деді Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сергей Ершов.
Парламент сенаты мәжіліс мақұлдаған нормаларды қабылдап, өздері енгізген түзетулерді мәжіліске жіберді.
Әскерге шақырылғандар - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.03.2022
Дерекқор
Қазақстанда кімді және қашан әскери қызметке шақырады
Жаңалықтар
0