Мемлекеттік қызметтер смартфон арқылы көрсетілуге тиіс – премьер-министр

© Photo : Dean MoriartyСмартфон
Смартфон  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2022
Жазылу
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін түгел интеграциялау қажет, деді Әлихан Смайылов
НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін бір-біріне қосып, қағазбастылықты азайту мәселесі туралы сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бағдат Батырбекұлы, ақпараттық жүйелерді интеграциялау керектігін бұрыннан айтып келеміз. Әзірге нақты өзгерісті көріп отырған жоқпыз. Азаматтар құжат жинап қиналып жүр. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін қашан көреміз?", - деді Смайылов.
Министр Мусин былтыр Smart-bridge платформасы арқылы 800-ден астам интеграция жасалғанын жеткізді. Соның нәтижесінде 34 қағаз анықтаманы алудың қажеттілігі болмай қалған. Бірақ бұл салада проблема да жоқ емес.
"Бізде мұрағаттық деректер бар. Сол деректерді цифрлық форматқа қалай ауыстырамыз? Сканерлейміз бе? Басқа бір формат қолданамыз ба? Соның бәрін базаға енгізу керек. Мәселен, бұрыннан келе жатқан АХАТ-тағы (ЗАГС) актілерді тіркеу мәліметтері бар. Оларды да тіркеуіміз керек. Денсаулық сақтау саласында еңбекке уақытша жарамасыздық парағын беру жұмысы да цифрлық жүйеге ауыстырылмаған. Меніңше, жыл соңына қарай нақты интеграция жұмыстары аяқталып, қағазбастылықты тоқтатуға мүмкіндік болады", - деді Мусин.
Осы орайда үкімет басшысы президенттің цифрландыруға үлкен басымдық беріп отырған еске салды. Себебі "цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі".
"Цифрландыру мемлекеттік қызметтің барлық сервисін қамтуға тиіс. Ол үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін түгел интеграциялау қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер 100 процент смартфон арқылы қолжетімді болуға тиіс", - деп атап өтті Смайылов.
Үкімет бірінші кезекте халық ең көп жүгінетін әлеуметтік-еңбек салаларына цифрлық трансформация жасауға мүдделі. Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардан өтініш күтпей, алдын ала хабарлама жіберу арқылы қызмет көрсетілуі шарт. Ол үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құруды аяқтау қажет.
Жаңалықтар
0