Мәдениет

Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның даталар күнтізбесіне енгізілді

© Sputnik / Становов / Медиабанкке өтуПевица Роза Багланова
Певица Роза Багланова - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2022
Жазылу
Алматы қаласында Қалдаяқов пен Төле би көшелерінің қиылысында Роза Бағланованың ескерткіші орнатылады
АЛМАТЫ, 28 ақпан – Sputnik. Әйгілі әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның даталар күнтізбесіне енгізілді. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұр-Сұлтанда Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған әншінің өмір жолынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ Роза Бағлановаға арналған мүсін таныстырылды. Өнер туындысының авторы – гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов.
Мәдениет және спорт вице-министрінің хабарлауынша, әншінің мерейтойына арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
"Роза Бағланованың мерейтойына арналған жоспар 41 тармақтан тұрады. Қазақстан өңірлерінде 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған, оның ішінде республикалық деңгейде 25 іс-шара өткізіледі. Ал халықаралық деңгейде 5 іс-шара өткізу көзделген", - деді Нұрқиса Дәуешов.
Әншінің өмірі мен шығармашылық жолына арналған көрме "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымы ғимаратында ашылды.
"Көрмеде аты аңызға айналған әншінің өнердегі алғашқы қадамдары мен зор жетістіктері, соғыс жылдарындағы қайсарлығы, азаматтық белгісі, өмірінің жарқын сәттері көрініс тапты. Жоспар бойынша 1 наурызда Қазақстанның орталық концерт залында Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын мерекелеудің ресми шарасы, өнер шеберлерінің концерті өтеді. Одан кейін Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Алматы қалалары және ЮНЕСКО-мен бірлесіп Парижде, Мәскеу қалаларында мерекелік концерт өткізу жоспарланған", - деді вице-министр.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы музыка мектептерінің біріне Роза Бағланованың есімін беру және әншінің бюстін орнату жоспарланып отыр.
Қызылорда қаласында орталық алаңда бой көтерген Роза Бағланованың ескерткіші алдағы уақытта ашылады. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында Алматы қаласында Қалдаяқов пен Төле би көшелерінің қиылысында Роза Бағланованың ескерткіші орнатылады.
"2021 жылы ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған Естелік даталар күнтізбесінің тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы енді", - деп хабарлады Дәуешов.
Сондай-ақ өңірлерде жыл бойы Роза Бағланованың мерейтойына арналған фестивальдер, концерттер, кештер, семинарлар, көрмелер, конференциялар өткізіледі.
Айта кетері, "Қазақконцерт" ғимаратында 1, 3 және 6 наурызда "Қазақтың қаһарман қызы", "Арнау", "Қазақ деген халықтың еркесімін" концерті өтеді.
1 наурызда өтетін концертте еліміздің танымал әншілері, жас әншілер, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь мемлекеттерінен келген әртістер және Роза Бағланованың немересі Үрбибі сахнада өнер көрсетеді.
Жаңалықтар
0