Денсаулық

Дәрі-дәрмекті таңбалау және бақылау жүйесі енгізіледі - денсаулық министрі

Дәрі-дәрмек
Дәрі-дәрмек - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2022
Жазылу
Бірыңғай дистрибьютор арқылы медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық өндіріс үлесі 37%-ке дейін өседі деп болжанып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстанның медицина нарығында дәрі-дәрмекті таңбалау және бақылау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, биыл импортты алмастыруды арттыру аясында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 5 жаңа өндірісті іске қосу жоспарлануда.
"Соның ішінде Big Pharma-ны тарта отырып, отандық фармацевтика өнімін халықаралық нарықта тану үшін ұлттық реттеушіні дамытуды, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар айналымының барлық процесін цифрландыруды, дәрілік заттарды таңбалау мен бақылау жүйесін енгізуді көздеп отырмыз", - деді Ғиният министрліктің алқа отырысында.
Препараттарды таңбалау және бақылау жүйесі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілмек. Бұл шараларды іске асыру нәтижесінде бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық өндіріс үлесі 37%-ке дейін өседі деп болжанып отыр.
Қазіргі таңда фармацевтика нарығының жалпы көлемі 765,3 миллиард теңгені, оның ішінде отандық тауар өндірушілер 121,1 миллиард теңгені құрайды. Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу көлемі – 244,9 миллиард теңге, отандық тауар өндірушілерден – 90,6 миллиард теңге.
Министрліктің ақпаратынша, отандық тауар өндірушілер саны – 88 кәсіпорын. Оның ішінде дәрі-дәрмек өндірушілер – 32, медициналық бұйымдар мен техниканы шығаратындар – 56.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмектің 91%-ін сатып алды. Бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 496 позициясы.
Министр қазіргі уақытта Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына 1 346 позиция немесе 90% түскенін атап өтті.
Жаңалықтар
0