Мәдениет министрлігі елдің туристік имиджін қалай қалпына келтіреді

© Sputnik / Анатолий УстиненкоКөлсай көлдері
Көлсай көлдері - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2022
Жазылу
Министрлік цифрлық маркетинг пен PR-ға баса назар аударып, елдің туристік әлеуетін дамыту үшін іс-шаралар өткізеді
АЛМАТЫ, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздің туристік имиджін халықаралық деңгейде қалпына келтіру қажет екенін айтты.
Мәжілістегі туризмді дамыту мәселелері жөніндегі үкімет сағаты кезінде министр Қазақстанда туризмнің дамып жатқанын айтты.
"Биыл бізге еліміздің туристік имиджін халықаралық деңгейде қалпына келтіру жұмысын жүргізу қажет. Екі маркетингтік науқан өткізу жоспарланып отыр. Бірінші жоба ТМД елдерінің нарығына бағытталған, екінші жоба алыс шет елдерге бағытталған", - деді Абаев.
Министр сондай-ақ екі жылдық үзілістен кейін БАӘ, Польша, Катар, Германияда өтетін халықаралық көрмелерге қатысу және роуд-шоу ұйымдастыру қайта жанданатынын айтты.
Оның сөзінше, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 миллион адамды құрады.
Ол ел басшылығы туризм саласын республика экономикасын дамытудың драйверіне айналдыру міндетін қойғанын және оған қажетті барлық ресурс бар екенін атап өтті.
"Эпидемиологиялық жағдай мен карантин шектеулеріне байланысты туризм бойынша көрсеткіштер айтарлықтай төмендеді. Алайда карантин талаптары жеңілдегеннен кейін бірқатар көрсеткіш, соның ішінде ішкі туризмнің жақсаруы байқалады. 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 миллион адамды құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 100 мың адамға артық", - деді Дәурен Абаев.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, былтыр туристер ұлттық саябақтарға көп барған. Туристер саны 2019 жылмен салыстырғанда 300 мыңға артып, 1,5 миллион адамға жетті.
Туристер көп барған ұлттық парк арасында Іле Алатауы, Көлсай және Шарын бар.
Туристер үшін қолайлы жағдай жасау үшін "сапа белгісі" бағдарламасы бекітілді. Қалалық, агротуризм және Жібек жолы бағыттары бойынша 3 300 туризм объектісі зерттелді, жаңа туристік өнімдерді дамыту бойынша ұсынымдар әзірленді.
Kazakh Tourism компаниясы Қазақстанға халықаралық іс-шараларды тарту бойынша жұмыс істейді.
2022-2025 жылдары бес мың шетелдік делегаттың қатысуымен 12 MICE іс-шарасы (форумдар, конференциялар, көрмелер) өткізіледі.
Жаңалықтар
0