Алматы облысында интернеттің не екенін білмейтін балалар бар

© Sputnik / Тимур БатыршинОқушылар, архивтегі фото
Оқушылар, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2022
Жазылу
Көкжар ауылында қоңырау шалғысы келгендер үйді айналып, тау жағалап кетеді
НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Алматы облысындағы Көкжар ауылында кей балалар интернет дегеннің не екенін білмейді.
Қытаймен шектесетін шекаралық аймақта орналасқан елді мекенде телефон байланысы жоқ емес, бар. Бірақ машақаты көп. Қоңырау шалғысы келгендер үйді айналып, тау жағалап кетеді. Бұл ауылда ауыз судың жыры бітпеді. Тіпті, жұрттың біразы тіршілік нәрін әлі күнге иінағашпен тасып жүр, деп хабарлады "Хабар 24".
Көкжар ауылында елу шақты оқушы бар. Олар 1856 жылы көпестің үйі ретінде салынған көне ғимаратта екі ауысыммен оқып жатыр. Түске дейін бастауыштағылар, одан кейін тоғызыншы сыныпқа дейінгілер білім алады. Балаларымызға қазіргі заманға сай мектеп қажет, дейді ауыл тұрғындары.
"Бұл мектепте мен оқыдым. Балаларым да осы мектепті бітірді, немерелерім оқып жатыр. Үлкендердің айтуынша, бұл мектепке 100 жылдан асты. Басында орыстардың шіркеуі болған. Мына ауылды осы мектеп қана ұстап отыр. Бұл мектеп жабылса, жастардың көбі кетіп қалады", - дейді ауыл тұрғыны Светлана Айтжанова.
30 жылда бұл ауылдан тұрғындардың 70 проценті көшіп кеткен. Қазір небәрі 250 шақты адам қалды. Ауыз су ең өзекті мәселеге айналған. Өйткені тұрғындар әлі күнге дейін тіршілік нәрін бастаудан алып отыр. Иін ағашпен су тасу, әсіресе Лидия Ивановна сияқты егде жастағыларға қиын.
"48 жылдан бері осы жерден су аламын. Кей кезде күніне екі үш рет келем. Жас күнімде білінбейтін. Жасым ұлғайған сайын суым ауырлап, жоғары көтеру қиындап барады", - дейді ол.
Бес жыл бұрын елді мекеннің бір бөлігіне орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізілген. Қыста қатып қалғандықтан тұрғындар оны пайдалана алмай отыр.
"Бірақ көшеге тартқан, жетпей жатыр. Арықтан малмен бірге су ішіп жатырмыз. Мектепке де суды арықтан тасып жатырмыз. Жағдай сондай", - дейді ауыл тұрғыны Талғат Абдулдин.
Көкжар ауылының тұрғындарына ауыз су жүйесі қашан тартылатыны білгісіз. Әкімдіктегілер бұл жұмысты халық санына қарай кезең кезеңмен жүргізетінін айтып отыр.
"Биыл Үйгентас ауылдық округінен 5 ауылға ЖСҚ әзірленуде. Атап айтатын болсақ, Теректі, Бибақан, Кеңес, Лепсі, Екпінді ауылы. Жобалық сметалық құжаттарын аяқтасақ, 2023 жылға құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз", - дейді аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Алмас Жұмабеков.
Алакөл ауданындағы шекаралық аймақта 20 шақты ауыл орналасқан. Ондағы әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте шешілуі керек. Сонда ғана шекара шебіндегі елді мекендерді сақтап қалуға болады.
Жаңалықтар
0