Дерекқор

Кешірім түні бар: Рамазаннан бұрын келетін Шағбан айы туралы не білеміз

© Sputnik / Абзал КалиевМешіттегі жамағат
Мешіттегі жамағат - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.02.2022
Жазылу
2022 жылы Шағбан айы 4 наурызда басталып, 3 сәуірге, яғни Рамазан айы басталғанға дейін жалғасады. Бұл қасиетті айда "кешірім һәмтазару түні" саналатын Бараат түні бар. Шарапаты мол Шағбан айы туралы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шағбан айында жасалатын амалдар

Шағбан айы "көптеген жақсылықтардың бастауы" деген мағына береді. Бұл қасиетті ай Ережеп айының бітетінін хабарлап, Рамазан айының жақындағанын сүйіншілейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. Оған бір хадисінде "Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы" деуі дәлел.
Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар", – деген.
Шағбан айын барынша құлшылықпен өткізген абзал. Нәпіл құлшылықтарға көңіл бөліп, Алладан күнә-қателіктер үшін жалбарына кешірім сұрап, жоқ-жітікке, мұқтаждарға көмектесу қажет.
Сондай-ақ Шағбан айында Құран Кәрім сүрелерін оқып, кедей-кепшікке садақа беру де сауабы мол іс.
Әзірет Сұлтан мешіті - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.07.2021
Қоғам
Ораза ұстауға бола ма: Арапа күні не істеу керек
Бұл айдағы құлшылықтың тағы бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге айлардан гөрі осы Шағбан айында көбірек ораза ұстайтын болған.
Жалпы Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлар кешіріліп, дұға-тілектер қабыл болады деген сенім бар.

Шағбан айында қанша күн ораза ұстайды

Шағбан айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол. Хадистерге сүйенсек, осы айда бір күн нәпіл ораза ұстаған мұсылман тозақтан жетпіс жылға алыстайды екен.
Бірақ, Шағбан айында қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керек екені жайлы нақты айтылмаған. Сондықтан ораза ұстау әркімнің өз еркі. Мәселен, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітуге болады.
Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, "үш ақ күндері" ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап, түнін ғибадатпен өткізген абзал. Өйткені бұл түні мұсылман қауымы Бараат түнін күтеді. Бұл күні ораза тұту – мұстахаб. Ал ораза ұстамаған адам күнәһар болмайды.
Алайда Шағбан айында шамасы жеткендер ғана ораза ұстауы қажет. Егер адам Шағбан айында үздіксіз ауыз бекітіп, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмейтінін сезсе, онда Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған.

Бараат түні

Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түн Бараат түні деп аталады. Биыл қасиетті түн 17 наурыздан 18 наурызға қараған түнге түсіп тұр.
Бараат түнін "күнәдан тазару және кешірім түні" деп те атайды. Өйткені, осы түні Жаратушы ғибадат еткендерді рақымына бөлеп, тәубесін қабыл алып, күнәларын кешіреді, мейіріміне бөлейді. Ислам ғұламалары бұл түнге "Қадыр түнінен кейінгі ең ұлық түн" деп баға берген.
Виды города Нур-Султан зимой - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.02.2022
Алланың айы саналады: ақпанда басталған Ережеп айын қалай өткізу керек
Бараат түні – періштелер жер бетіне түсіп, дұғалар қабыл болатын берекелі түн. Сондықтан бұл түнді Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: "Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін", – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді", дейді.
Сонымен қатар пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Алла Тағала Шағбан айының он бесінші түні (Бараат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді" деп те айтқан.
Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.
Бұл түні мұсылман адам өз өмірі мен жыл бойы істеген істерін електен өткізіп, ойлануы керек. Егер қателік жасағанын түсінсе, Құдайдан кешірім сұрап, оны түзетуге тырысқаны абзал. Егер біреуді ренжітсе немесе біреумен араздасып қалса, одан кешірім сұрап, достасуы керек. Егер біреуден қарыз алып, оны қайтармай жүрсе, дереу берешекті қайтарудың жолын табуы қажет.
Қасиетті Бараат түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Сол себепті әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ыза болмауы қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуге тиіс.
Жаңалықтар
0