Қоғам

Теңгедегі депозиттердің қайсысына өтемақы беріледі – "Отбасы банк" жауабы

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге
Ақша, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.02.2022
Жазылу
Ляззат Ибрагимова банктердің мобильді қосымшаларында ашылған депозиттер де бағдарламаға қатыса алатынын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан — Sputnik. Украинадағы жағдайға байланысты теңге күрт арзандады. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі теңгедегі депозиттерге өтемақы төлеу бағдарламасын қабылдады.
Депозиттегі қаражаттын 10 проценті көлеміндегі өтемақы жасалады (2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша). Алайда өтемақы төленетін сома 20 миллион теңгеден аспайды.
10 проценттік өтемақы төлеудің міндетті шарты:
Салымды екінші деңгейлі банкте мерзімі аяқталғанға дейін сақтау;
Ақша депозитте кем дегенде бір жыл сақталуға тиіс, яғни 2023 жылдың 23 ақпанына дейін.
Қазақстандықтарда бұл бағдарламаға қатысты бірқатар сауал туындады. Оларға "Отбасы банк" (бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) басқармасының төрағасы Ляззат Ибрагимова жауап берді.

Бағдарламаға кімдер қатысады

Бағдарламаға мерзімді немесе жинақ теңгелік депозиті бар жеке тұлғалар қатыса алады. "Отбасы банкте" барлық депозит тұрғын үй-құрылыс жинақ келісімшарты ретінде ашылады. Сондықтан автоматты түрде бағдарламаға қатысады. Ал өзге банктерде салым келісімшартын қарау керек.
Депозиттерді кепілдендіру жүйесінің қатысушысы саналатын барлық екінші деңгейлі банк бағдарламаға қатысады. "Отбасы банк" те солардың қатарында.

Қандай депозиттер қатысады

Ағымдағы шоттар, карталық шоттар, талап етілетін депозиттер және шартты депозиттер өтемақыға жатпайды. Картадағы ақша депозит болып саналмайды. Талап еткенге дейінгі депозиттердің жылдық мөлшерлемесі әдетте 0,1%.
"Баршаның назарына! Көпшілік банктердің мобильді қосымшаларында ашылған депозиттер талап етілетін депозитке жатады деп ойлады. Шын мәнінде, олардың дені МЕРЗІМДІ депозиттер", - деді Ляззат Ибрагимова.

Өтемақы қашан төленеді

2023 жылдың 24 ақпанынан кейін 7-10 күн ішінде өтемақы аударылады деп жоспарланып отыр.

Өтемақы қалай есептеледі

Өтемақы 2022 жылдың 24 ақпаны таңертеңгі уақытқа дейінгі жағдай бойынша депозит сомасына есептеледі. Мәселен, депозитіңіздегі ақша 1 миллион 200 мың теңге болса, 2023 жылдың ақпан айында 120 мың теңге өтемақы аласыз. 2023 жылдың 24 ақпанында депозитте кем дегенде 1,2 миллион теңге болуға тиіс. Бір жыл ішінде депозиттен алынған қаражат бағдарламаға қатыспайды.

"Отбасы банкте" екі депозит болса, қайсысына өтемақы түседі

Бір адамда екі не одан да көп депозит болса, өтемақы БАРЛЫҚ депозитіне төленеді. Өтемақы төленетін депозиттерге ең көп сомасы 20 миллион теңгеден аспауға тиіс. Егер бір банкте бірнеше депозиттегі ақша мөлшері 24 миллион теңге болса, сізге берілетін максималды өтемақы – 2 миллион теңге. Демек, 20 миллион теңгенің 10 проценті.

"Отбасы банктен" бөлек басқа банкте мерзімді депозит болса, қайсысына өтемақы төленеді

Егер салымшының екі немесе одан көп банкте бірнеше депозиті болса, барлық банкте өтемақы ала алады. Бірақ әр банктен максимум 2 миллион теңге қарастырылған.

Өтемақыға қашан және қайда өтініш беруге болады

Бұл мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатыр.Әзірше өтініш қабылданбайды. Сондықтан асығып еш жерге барудың қажеті жоқ..
"Отбасы банк" өтініш қабылдана бастаған кезде СМС хабарлама жібереді. Бәрі онлайн рәсімделеді. Сондай-ақ, өтемақыны автоматты түрде есептеу ұсынылып отыр. Өйткені бұл депозит келісімшартының шартын жақсарту болып саналады.

Отбасы банкте 12 миллион теңгем бар. Алайда былтыр желтоқсанда 24 миллион теңге аралық займ рәсімдеп, пәтер алдым. Маған 1,2 миллион теңге өтемақы төлене ме?

Сізге өтемақы төленбейтін шығар. Өйткені баспана мәселесі шешілді.
Мәселен, 2016-2017 жылдары девальвациядан кейін өтемақы бағдарламасына аралық немесе алдын ала займ бойынша кепілде тұрған депозиттер қатысқан жоқ. Ережелер жарияланған соң "Отбасы банк" депозиттеріне қатысты қосымша түсіндірілетін болады.

Депозит мерзімі 2022 жылдың наурызында аяқталса, бағдарламаға қатыса аламын ба?

"Отбасы банкте" барлық депозиттер автоматты түрде ұзартылады. Сондықтан салымшылар бағдарламаға қатыса алады. Өзге банктерге салым келісімшарттарын нашарлатпай депозит мерзімін ұзарту ұсынылды.

"Отбасы банкте" отбасымның 4 депозитінде 18 миллион теңге жинадым. Бағалау көрсеткіші – 9. 2022 жылдың жазында аралық займ алуды жоспарлаған болатынмын. Өтемақы алуға бола ма?

Бұл сауалға Ережелер жарияланған соң нақты жауап беріледі. Ережені мемлекеттік органдар әзірлеп жатыр. Бұған дейінгі өтемақы төлеу тәжірибесіне сүйенсек, ол кезде өтемақы төленді.
"Отбасы банк" 2022 жылдың 24 ақпанындағы жағдай бойынша кепілде болған салымдарға өтемақы төлемеуді ұсынатын болады. Ал 24 ақпаннан кейін кепілге қойылатын депозиттерге өтемақы төлеу қарастырылады. Дегенмен Ережелердің ресми түрде жариялануын күткен дұрыс.
Жаңалықтар
0