Қоғам

Қазақстан елшісі Украинадағы азаматтарды эвакуациялау қалай жүріп жатқанын айтты

© Photo : Пресс-служба министерства по делам религий и гражданского общества РКДархан Қалетаев
Дархан Қалетаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.02.2022
Жазылу
Елші отандастарымызды Киевтен Львов қаласына эвакуациялау шаралары туралы айтып, Польшаға қалай шығуға болатынын түсіндірді
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Украинадағы жағдайға байланысты қазақстандықтарды қауіпсіз жерге көшіру шаралары басталды.
Алайда эвакуациялауға қатысты түрлі ақпарат тарала бастады. Тіпті, "елге оралу үшін ақша сұрайды" деген ақпарат та бар.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев эвакуацияның қиындықтары туралы айтып берді.

Мобилизация басталды

Елшінің айтуынша, бүгінде халықты тасымалдауға адам жетіспей жатыр. Себебі Украинада жалпы мобилизация жарияланды. Көлік жүргізушілері де армияға шақырылып жатыр.
"Көлік мүлдем жоқ, көлік болғанда оны жүргізетін адам жоқ. Көлік компаниялары автобустың рөліне отырғызатын адам таппай жатыр. Өйткені бұл жақта барлық ер адамды мобилизациялауға кірісті. Мен елшіліктегі көліктердің бәрін эвакуациялау жұмысына тарттым. Бір сағат бұрын 100 адамды жібердік. Барлық көлікке отырғыздық. Мен өзім көліксіз қалдым", - деді Қалетаев.
Оның айтуынша, Украинада жүрген қазақстандықтардың саны көп болып шықты. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 10:00-ге дейін эвакуацияға 486 Қазақстан азаматы өтініш берген. Барлығын елге қайтару үшін, кем дегенде, үш әуе рейсін жасауға тура келеді.
Дегенмен, адамдардың саны тағы өсуі мүмкін.
"Шамамен, 500 адам деп отырмыз. Бірақ онымен тоқтамайтын сияқты. Бұл - таңғы сағат алтыдағы мәлімет", - деп атап көрсетті Қалетаев.

Есепке тұрмағандар шыға бастады

Қазіргі кезде елшіліктің есебінде, шамамен, 500 Қазақстан азаматы бар. Олардың ішінде дипломаттар және Украинаға жұмыс істеу үшін келгендер бар. Бірақ есепке тұрмаған адамдар да жоқ емес.
"Бізде тұрақты есеп бар. Біреулер отбасын құрды. Олардың саны, шамамен, 1 100 адамды құрайды. Отбасы болғаннан кейін тіркеуге тұрмай, жүре береді", - дейді Қалетаев.
Қазіргі кезде тіркеуге тұрмаған қазақстандықтар да эвакуациялауды сұрап отыр.
"Терезенің алдында бомба жарылса, бірден қауіпсіз жер іздейсің ғой. Қазір сол адамдардың бәрі қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр. Талаптары заңды. Оны орындау қажет", - деді Қалетаев.
Елшінің өзі әзірше Украинадан кетпеймін дейді. Онымен бірге тағы төрт қызметкер қалды. Барлығы жер астындағы бөлмелерде жұмыс істейді. Ал даладағы атыс басылғанда сыртқа шығады.

Қазақстандықтардың шығыны өтеледі

Дархан Қалетаевтың айтуынша, Украинадан эвакуациялық рейстермен шығып жатқан қазақстандықтардың билетке жұмсаған ақшасы қайтарылады.
"Қазіргі кезде бұл мәселені үкімет қарап жатыр. Біз тиісті шешімді күтіп отырмыз. Air Astana да хабардар. Үкімет әуе компаниясының шығындарын өтеу жағын қарастырып жатыр", - деді Қалетаев.
Украинада жүрген қазақстандықтарды алдымен Польшаның Катовице қаласына жеткізелді. Сол жерден арнайы рейспен Атырауға ұшады.
Air Astana рейсі 26 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 02:00-де ұшып шығады.
Жаңалықтар
0