"Бәріне бірдей жетпейді": 4 проценттік автокредиттің негізгі проблемасы қандай

© Sputnik / Владислав ВодневКазахстанский автосалон
Казахстанский автосалон - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.02.2022
Жазылу
Автосалондарда көлік тапшылығы бар. Сондықтан автокредит берілсе де, оған рәсімделетін көлік табылмауы мүмкін
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі аптаның ішінде жеңілдетілген автокредит бағдарламасының нақты шарттарын жариялауды жоспарлап отыр. Бұған дейін үкімет басшысының бірінші орынбасары негізгі талаптарын хабарлады. Бағдарламаға 100 миллиард теңге бөлінетіні белгілі. Алайда 4 проценттік автокредитке қатысты проблема да жоқ емес.

Автосалонда көлік аз

Қазіргі кезде жаңа көлік тапшы. Оны үкімет те мойындап отыр. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мәселенің негізгі себебін де айтты. Оның мәліметінше, бүгінде көлік нарығына электронды чиптер жетіспей жатыр. Салдарынан автосалондарда көлік аз.
"Автосалондарда отандық және басқа көліктердің тапшылығы бар. Келесі жылы отандық көліктер де, шетелдік автомобильдер де жеткілікті болады деп отырмыз", - деді Скляр "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.
Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев микрочиптер мәселесін жақын арада шешеміз дейді.
"Дәл қазір бізде "машкомплект" жеткілікті. Микрочиптер мәселесін де шештік. Оны жеткізу мерзімін 8 айдан 4-5 айға дейін қысқарттық. Әрине, чип жеткізуді жылдамдатамыз", - деді Қарабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Көлік тапшылығын шешу оңай емес

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың ойынша, автокредит бағдарламасын іске қосқанға дейін микрочип мәселесін шешу оңай емес. Сондықтан автокредит берілсе де, оған рәсімделетін көлік табылмауы да мүмкін.
"Өкінішке қарай, біздің үкімет те, министрлік те әлемдегі микрочип мәселесіне әсер ете алмайды. Ол жағынан Mersedes те, Hyundai да, Toyota да, Lada та қиналып отыр. Барлығы көлікті зауыттың тұрағына жинайды. Себебі электронды блок жоқ. Оны қою үшін микрочип керек", - деді Эдоков Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда сарапшы чип шығаруға да уақыт керек екенін ерекше атап өтті. Себебі оған қажетті кристалды өсіру керек.
"Микросхемалардың бәрі сол кристалдың негізінде жасалады. Ал оны өсіруге 60 күнге дейін уақыт керек. Бұл процесті жылдамдата алмайсың. Микрочипті жеткізу мәселесі тағы бар. Оған да уақыт қажет. Сосын мына бір мәселені ескеру керек. Микрочипті шығаратындар нарықтың көлеміне қарайды. Бізде жылына 100 мың көлік өтеді. Ал басқа мемлекеттерде миллиондап сатылады. Демек микрочипті алдымен соларға жібереді. Ал бізге күтуге тура келеді", - деп атап өтті Эдоков.
Пандемия кезінде адамдар көлікке мінбей, үйде көп отырған. Планшет мен ұялы телефон сияқты девайстарға сұраныс көбейді. Сол кезде микрочиптің бәрі осы өндіріске салынды. Соның салдарынан көліктерге арналған микрочипті шығару күрт азайды. Ал карантин жеңілдетілгеннен кейін көлікке сұраныс арта түсті. Бірақ чипті жеткізу тізбегі бұзылды.
"Бұдан бөлек, тағы бір мәселе бар. Көліктің ақшасын төлеп қойған адамдар да өз тапсырысын күтіп отыр. Оған автокредит кезегінде тұрғандарды қосыңыз. Демек көлік бәріне бірдей жетпейді", - дейді Эдоков.

Автокредиттің негізгі шарттары қандай?

Жеңілдетілген автокредит бағдарламасының жылдық мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде – 4 процент болып қалады. Мерзімі – 7 жыл. Кредит 10 миллион теңгеге дейін беріледі. Көлік одан сәл қымбат болса, адам өз қалтасынан қоса алады. Бірақ өте қымбат көліктерге жеңілдетілген кредит берілмейді.
Бүгінде министрлікте алғашқы жарна мәселесі де талқыланып жатыр. Әлеуметтік осал топтар үшін жарнаны алып тастауы мүмкін. Бәлкім, барлығы бірдей алғашқы жарнадан босатылатын шығар? Қазіргі кезде министрлік мамандары есеп-қисап жасауға кірісті.
Әзірше бағдарлама бекітілген жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев екі аптаның ішінде нақты талаптарын жариялауға уәде етті.
"Бізге екі аптадай уақыт беріңіздер. Бағдарламаның нақты қай кезде басталатынын айтамыз", - деді Қарабаев.
Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша онлайн кезек те құрылуы мүмкін.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде автокредит кезегінде 15 мың адам тұр. Вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, 100 миллиард теңгенің арқасында "71 мың адам қолжетімді бағамен жаңа көлік ала алады".
Оқи отырыңыз: Жаңа автокредит бағдарламасы: алғашқы жарнаны кімдер төлемейді
Жаңалықтар
0