Украинаны атлантизациялауға жол берілмейді – ресейлік БАҚ

© AP Photo / Emilio MorenattiКиев қаласы
Киев қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.02.2022
Жазылу
Батыс Мәскеу мен Киев арасындағы шиеленіс пен дауды мейлінше ұзаққа созуды көздеді, деп жазды басылым
НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Ресей донбастық қос республиканың тәуелсіздігін мойындағаннан кейін атлантикалық жаһандық тәртіп құлдырады ма? Жоқ, айтырлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Донбасты өз бақылауынан шығарып алған сегіз жылдың ішінде Украина өз бірлігін қалпына келтіру үшін өзгеруді қаламады, деп хабарлады РИА Новости.
Мақала авторының пайымынша, Ресей үшін украиндар мәселесі – бұл сыртқы саясат немесе жай ғана қауіпсіздік мәселесі емес. Бұл орыстардың бауырлас халық алдындағы, бүкіл ел мен тарих алдындағы жауапкершілікті айшықтайтын өзіндік сана-сезім мәселесі болып отыр.
Сондықтан Ресей президенті Владимир Путин Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындау алдында Украина туралы ұзақ сөйледі. Ресей Украинаны өзінің бір бөлшегі деп санайтынын айтты.
"Орыстар Еуропаға барып, Еуропаның қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр ма? Керісінше, қауіп Батыстан төніп тұр. Орыстар мәжбүрлі түрде қорғанып, қарсы шабуылға шыққан шақта бұл әрекетті "агрессор" деп сипаттап жатыр. Ал Украина орыс экспансиясының емес, батыс әрекетінің құрбаны болып отыр", - деп жазды басылым.
2014 жылы Украинаға ықпал ете бастаған Батыс Мәскеу мен Киев арасындағы шиеленіс пен дауды мейлінше ұзаққа созуды көздеді. Ресейдің әрекетінен сескенген Батыс Украинаны атлантизациялаудан тартыншақтады. Бірақ Киев элитасының көмек алуға деген үмітін де сөндірмеді. Себебі Украинаны анти-Ресей сипатында ұстап тұру қажет болды.
Арадағы шиеленіс ушыққан шақта осы жылдың ақпанында англосаксондар мен еуропалықтар өз елшіліктерін Львовқа көшірген кезде Киевте батыс кепілдігіне қатысты күмән туындады. Мұның барлығы Ресей Батысты Украина бойынша диалогқа шақырып, қауіпсіздік бойынша кепілдік беруді талап еткен шақта болып жатты.
"2014 жылдан бері Ресей бізді қате жолды таңдадыңдар, Еуропада сендерді ешкім күтіп отырған жоқ деп сендіріп келеді. Осы орайда Еуропа бұл уәждің қате екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеуге тиісті емес пе? Еуроодақ "біздің азаматтарымыз Украинаның Одаққа мүше болуын қолдайды" деп мәлімдеуі қажет емес пе? Неге бұл мәселеден қашқақтаймыз? Украина ашық әрі бүкпесіз жауапқа лайық", - деген еді Украина президенті Владимир Зеленский өткен сенбіде Мюнхендегі конференцияда.
Ресей Украина аумағының Еуропаға қарай ығысып бара жатқанына алаңдаулы. Бұл орыс әлемі мен Еуропаның тарихи шекарасын өзгертуі мүмкін. Сейсенбіде Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мынандай мәлімдеме жасады:
"Мен Еуроодақты барлық күмән мен ұстамдылықты ысырып тастап, Украинаға болашақта Еуроодаққа қабылдауға уәде беруге шақырдым. Мұның уақыты келді. Қазіргі ахуалды ескеріп, Украинаны өзіне қабылдау Еуропа үшін ең дұрыс стратегиялық шешім болады".
Бұдан кейін Кулеба АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу үшін Вашингтонға ұшып барып, CNN арнасына Украина жайында сұхбат беріп, не себепті америкалықтар украиндарға көмектесуі керек екенін түсіндіруге тырысты.
"Біріншіден, 1994 жылы Украина көлемі бойынша әлемде үшінші орында болған ядролық арсеналдан бас тартты. Есесіне, бізге негізінен АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілді. Екіншіден, Украинадағы жағдай Украинаға ғана қатысты емес. Путин еуроатлантикалық тәртіпке қауіп төндіріп отыр. Үшіншіден, Путиннің Украинадағы жоспары іске асса, АҚШ-қа тіс қайрап, оны сырт айналуды көздеп жүргендер Батыс өзін қорғай алмайды деп пайымдап, түрлі әрекетке көшуі ықтимал", - деді Кулеба.
Ресейлік БАҚ осы аталған үш дәйектің ішінде тек үшіншісі шындыққа жақын екенін жазды. Себебі ол әлемдегі қазіргі жағдайды бастан-аяқ төңкеріп тастайды. "Егер Путин сендерді кері шегіндірсе, бүкіл әлем (әсіресе, Қытай) Батыстың осал тұсын байқап, тәртіп құлдырайды. Сондықтан атлантикалық тәртіпті сақтауды қаласаңдар, Украинаны бермеңдер" деген уәжде бір қисын бар.
Бірақ англосаксондардың әлемдегі үстемдік жоспарында көп уақыттан бері "жарықшақ" пайда болған. Бұл ғаламшардағы мемлекеттердің өз ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, дербес шешім қабылдауынан-ақ байқалып жатыр, деп түйіндеді автор.
Жаңалықтар
0