Экономика

Эколог Қазақстандағы ықтимал үш дағдарысты атады

© Sputnik / Абзал КалиевГулмира Исмағулова
Гулмира Исмағулова - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.02.2022
Жазылу
Оның бірі - Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің мұнай, газ және металл экспортына тәуелділігіне байланысты
НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан — Sputnik. Қазақстан 2050-2060 жылдарға дейін бірнеше дағдарысқа тап болуы мүмкін, деп мәлімдеді "Жасыл Даму" АҚ бас директорының орынбасары Гүлмира Исмағұлова.
Оның айтуынша, бірінші ықтимал дағдарыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты болады. Мысалы, Қазақстан экспортының бір бөлігін бидай құрап отыр. Ал климаттың өзгеруі бұл көрсеткішке кері әсер етуі мүмкін.
"Климат өзгеріп, климаттық аумақтар экватордан полюстарға қарай жылжып жатыр. Көктем ерте шығып, жер құрғап жатыр. Бұл жақсы емес", - деді Исмағұлова "Қазақстандағы экологиялық саясат: жай-күйі және болашағы" тақырыбында Sputnik Қазақстан мультимедиялық орталығында өткен брифингте.
Екінші ықтимал дағдарыс Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің мұнай, газ және металл экспортына тәуелділігіне байланысты. Оларды өндіру көп энергияны қажет етеді.
Қазір әлем елдері 2050 жылға қарай көміртек бейтараптылығына қол жеткізу туралы міндеттемені өз мойнына алған. Сондықтан мемлекеттер қазіргі технологияларды өзгертуге тырысады.
"2050 жылға қарай көмірсутек бағасы екі есе арзандайды. Қазір бұл өтірік секілді көрінгенімен, расында солай болады. Сол себепті Қазақстан бюджетті көмірсутек есебінен тұрақты толтыра алмай қалады. Экспорттаушылар мен мемлекеттік бюджет кірісі төмендейді. Егер мемлекеттік бюджет азайса, онда жол, қауіпсіздік, білім мен денсаулық сақтау сынды салалар қаржыландырылмай қалады", - деді Исмағұлова.
Оның айтуынша, жақын уақытта басталуы мүмкін үшінші ықтимал дағдарыс Еуроодақтың импортқа көміртек салығын салуға қатысты шешімімен байланысты. Салық көлемі қандай да бір тауар дайындау кезінде атмосфераға шығарылған улы газ көлеміне байланысты болады.
"Бізде энергия жұмсайтын экспорт бар. Егер біз жақын уақытта саясатты өзгертіп, демагогияны тоқтатпасақ, 2027-2028 жылдарға қарай 90-жылдардағы дағдарыс қайталануы мүмкін. Бұған жол бермеу керек. Сондықтан барлық мемлекетке жылдам бейімделуге және салықты аз төлеуге уақыт беріліп отыр", - деді Исмағұлова.
Брифингтік толық видеосын мына сілтеме арқылы көруге болады.
Жаңалықтар
0