Қоғам

Курсантты темір таяқпен ұрған оқытушы сотталды

© Sputnik / Абзал КалиевСот отырысы, архив
Сот отырысы, архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.02.2022
Жазылу
Жігіттің денсаулығына жеңіл зиян келген
НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Көкшетау қалалық соты төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты азаматтық қорғаныс академиясының қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Ол курсантты темір таяқпен ұрған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сот материалдарына сәйкес, бұл оқиға Мәлік Ғабдулин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының жатақханасында болған. Бірінші курстың взвод командирі оқудан тыс уақытта курсанттарды жинап, ішкі тәртіп мәселесі туралы сөйлескен. Сол кезде металл таяқпен кәмелет жасқа толмаған курсанты бастан ұрған. Жас жігіттің денсаулығына жеңіл зиян келген.

"Істі қарау кезінде процессуалдық келісім жасалды. Взвод командирі билік пен қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, кәмелет жасқа толмаған курсантқа дене жарақатын салғанын мойындады. Ол Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігі, 1-тармағы бойынша (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - дейді сот мамандары.

Академия оқытушысы "азаматтық қорғаныстың аға лейтенанты" арнайы атағынан айырылды. Сынақ мерзімі белгіленді. Ол пробациялық бақылауға алынды. Тұрақты тұрғылықты жерін және жұмысын ауыстыруға болмайды. Қаладан тыс жерге рұқсатсыз шығуға болмайды.
Бұдан бөлек, сотталған оқытушы зардап шеккендердің өтемақы қорына 20 АЕК (58 340 теңге) аударуы шарт. Сот мен сараптамаға кеткен шығындарды өтеп беруі тиіс.
Сот жеңілдететін мән-жайларды да ескерді. Атап айтқанда, сотталған оқытушы жасаған әрекетін өкініп, тергеуге барынша көмектесуге тырысты. Бұрын сотталмаған. Ал құқық қорғау органының қызметкері бола тұрып, қылмыстық іс жасау жазаны ауырлатыны жәйт болып саналады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтар
0