Өңірлер

Семейліктер қоқыс полигонын жабуды талап етті

© Photo : pixabay.comИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2022
Жазылу
Экологтар қала сыртында қалдықты іріктеу және қайта өңдеу жүйесі бар жаңа полигон ашу қажеттігін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан — Sputnik. Семей тұрғындары үнемі бықсып жататын қоқыс полигонын қала сыртына көшіруді талап етіп отыр.
Жергілікті тұрғын Әлия Есімханованың айтуынша, сасық иіс, ауада қалықтаған пакеттер мен полигондағы бықсып жататын қоқыстан бөлінетін улы газ далаға шығуға мұрша бермейді. Әйелдің жеті баласы бар, жақында ғана қоныс тойын атап өтіп, үй шаруашылығымен айналысуды жоспарлаған. Алайда үйінің қоқыс полигонымен іргелес орналасуы бұл арманының күл-паршасын шығарды.
"Тыныстау мүмкін емес! Мұндай ауа балаларымның денсаулығына зиян келтіреді деп үрейленіп отырмын. Қоқыс орнының директорына да хабарластық. Ол еш шара қолданбай отыр. Енді прокуратураға шағымдануға мәжбүрміз", - деді Есімханова "Астана" телеарнасының эфирінде.
Жергілікті халықтың айтуынша, полигондағы қалдық іріктелмей, барлығы бірдей өртеліп жатыр. Мысалы, қоқыс тастайтын орындағы соңғы ірі өртті төрт күн бойы сөндірген. Күзде қала тұрғындары экологтар мен полигон иелерінен осы мәселені шешуді өтінген. Бірақ олардың шағымын ескерген ешкім жоқ.
Ал экологтар қоқысты өртеу кезінде химиялық реакция жүріп, соның салдарынан топырақ пен су ластанады дейді. Олардың қорытындысына сәйкес, қоқыс орнын жабатын уақыт жетті. Қала аумағынан тыс орналасатын полигонда қоқысты іріктеу және қалдықты қайта өңдеу жүйесі қарастырылуы керек.
Полигон тек қала тұрғындарына қауіп төндіріп тұрған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, бықсыған қоқыс алаңы қала әуежайынан екі километр қашықтықта орналасқан. Ал бұл Экология кодексінің талаптарын өрескел бұзу болып саналады.
Журналистер полигон директоры Рафаиль Хазиповқа хабарласқан. Бұл азамат өткен жылы қалалық мәслихат депутаты болған. Хазипов қалалық әкімдік ұсынатын жер аумағында жаңа полигон ашуға дайын екенін жеткізді.
Жер аумағын ұсыну конкурс арқылы шешілетіндіктен, оған кез келген мүдделі тарап қатыса алады.
Қала тұрғындары қоқыстың дер кезінде жиналмауына да наразы. Әкімдіктегілер бұл мәселеден хабардар екенін айтты. Қалалық әкімдік бұл проблема туралы Хазиповқа айтқанда, ол қоқыс шығару тарифін 2,5 есе қымбаттатуды талап еткен.
Жаңалықтар
0