Видео

Жарты жыл білмеді: қазақстандық Биллклинтон есіміне қатысты қызықты бөлісті – видео

Жазылу
Алматы полициясында Биллклинтон Өсіпов есімді азамат жұмыс істейді. АҚШ-тың 42-ші президентімен аттас полицей жайлы әлеуметтік желі арқылы белгілі болды.
Желіде учаскелік полицейдің аты-жөні, байланыс нөмірі көрсетілген фото тарап, ерекше есімнің құпиясын білуге тырысқандар саны артты. Sputnik Қазақстан 26 жастағы полицеймен танысып, қазірге дейін есіміне байланысты қандай жағдаймен бетпе-бет келгенін сұрады.
Биллклинтон Өсіпов Алматы қаласында туған. Ерекше есімді оған анасы берген. Алайда әжесі Біржан деп атағысы келген.
"Марқұм әжем азан шақырып, Біржан салдай болсын деген оймен атымды Біржан қойыпты. Бірақ анам Биллклинтон деп қойғысы келген. Туыстарымның арасында Біржан деп те, Билл деп атайды. Атымды толық кейбір досым мен жұмыста айтады", - дейді ол.
Биллклинтонның мектеп кезі де қызыққа толы. Себебі мектепте мұғалімдердің өзі есімін бірнеше рет қайталап сұрайтын болған. Ол сол кезде атынан ұялғанын да жасырмады.
"Бала күнімде ешкім сенбейтін, "тағы да қайталап жіберші" дегенді жиі естідім. "Өтірік айтып жатсың ба?", "Биллклинтон деген кім?" деп сұрайтын. Ал Билл Клинтонның АҚШ президенті болғанын білетіндер таңғалды. "Ненің аты?", "не мағына береді?" деген қызық сұрақтар да қойылған. Содан кейде кездескен адамдар көп сұрақ қоймауы үшін жалған ат айта салатын болдым", - дейді учаскелік полицей.
"Мектеп партасында қыздар күлетін. Мұғалім "Билл деген кім?" деп сұрағанда қарамай отыратынмын. Ұялатынмын. Содан кейін қыздар "осы бала" деп көрседі. Атымды дұрыс айтпайтындармен ерегісіп қалатын кездер де болды. Қазір де кез келген адам атымды бірден айта алмайды, тілі келмейтіндер бар. Кейбірі қателесіп айтады, әрқайсын түзеп отыруға тырыспаймын", - деп толықтырды Биллклинтон.
Биллклинтон жасөспірім кезінде анасымен осы тақырыпта ашық сөйлескен. Сонда анасы есімін ауыстыруына қарсы болмаған.
"Сыныптағылардың бәрінің аты қазақи, ал менікі басқаша болды. Неге олай деп түсінбейтінмін. Анам Билл Клинтонға ұқсасын деген оймен қойғанын айтты. "Егер ұнамаса, кешір. Ауыстырғың келсе, ауыстыр" деді. Бұл шамамен 8-9 сыныпта оқып жүргенімде болған әңгіме. Содан кейін ауыстырғаннан да ештеңе өзгермейтінін түсіндім. Себебі адамдар солай танып қалды, есімім – Биллклинтон, онда тұрған не бар?", - дейді полицей.
Биллклинтон Өсіпов 2015-2019 жылдары банк саласында жұмыс істеген. Мұны ол мінезімен байланыстырды.
Расымен де Биллклинтонның салмақты әрі әр сөзін саралап сөйлейтіні байқалды.
"Полиция – нағыз ер азаматтың жұмысы. Қылмыскерлер түрмеде отыруы керек, заңсыз әрекеттері үшін жауап беруі қажет", - дейді ол.

Жарына жарты жыл есімін айтпаған

Биллклинтон үйленген, бір қызы бар. Ол әйелімен танысқан сәтті күліп еске алды. Бастапқыда өзін Біржан деп таныстырған ол жарты жыл бойы шын есімін айтпаған.
"Жарыммен танысқан кезде атымды Біржан деп айттым, Билл деп те танысқан жоқпын. Ол 6 ай білмеді. Жарты жылдан кейін кездейсоқ біліп қойып, "неге менен жасырдың?" деп ренжіді. Жарымның үй-іші Біржан деп атайды. Өйткені бәрі солай танып алған. "Біржан балам" дейді", - дейді ол.
Айтуынша, әйелі есімін ерекшелік деп қабылдап, ертерек айтпағанына ренжіген.

Толассыз қоңыраулар

Учаскелік полицей Биллклинтон Өсіповтің фотосы мен байланыс нөмірі жазылған фото желіде тарағаннан кейін оған хабарласқандар көбейген.
"Күніне 50-60 адам хабарласты. "Биллклинтонсыз ба? Рас па? Өтірік емес пе? деп сұрау үшін хабарласты. Бір кісі "мен ертең келемін, сізді көрсем бола ма?" деп те сұрады. Қарағанды, Петропавл, Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларынан хабарласқандар бар. Сол фото арқылы марқұм әкемнің таныстары да хабарласып, "сенің әкеңді танимын" деді. Жалпы бәріне жауап берген жоқпын, оған жауап берсем, жұмысты кім істейді?", - дейді ол күліп.
Желідегі танымалдық кейде жұмысына кедергі келтіретінін де айтты. Себебі қоңырау жиілеп, сұрақтар көбейген.
Ал жұмыста арнайы арнайы көрсеткіш болады, берілген тапсырманы орындауы керек. Ал сұрақтарға жауап беру уақыт бөлуді талап етеді.
Жаңалықтар
0