Қазақстанда ҰБТ өткізу ережелері өзгерді
© Sputnik / Владислав ВодневЦентр национального тестирования готовится принимать выпускников
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
ҰБТ-ға қатысуға өтініш беру және тестілеу өткізу мерзімдері өзгертілді
НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережелеріне өзгерістер енгізді.
Атап айтқанда, ҰБТ тапсыруға келген түлектің өзімен бірге алып кіруіне тыйым салынатын заттар тізімі кеңейді.
Енді Менделеев кестесі мен тұздардың ерігіштігі кестесін тестілеу ғимаратына кіргізуге тыйым салынады. Сонымен қоса калькулятор, шпаргалкалар, оқу-әдістемелік әдебиеттерді де кіргізуге болмайды.
ҰБТ-ға тағы қандай заттар кіргізілмейді:
пейджер, ұялы телефон, планшет, iPad, iPod, SmartPhone, рация, ноутбук, плейер, модем (мобильді роутерлер), смарт сағат, сымды және сымсыз құлаққап, микроқұлаққап, сымсыз бейнекамера, GPS навигатор, GPS трекер, қашықтан басқару құрылғыларын, сондай-ақ басқа да ақпарат алмасу құрылғылары.
Сонымен қатар, ҰБТ-ға қатысуға өтініш беру және тестілеу өткізу мерзімдері өзгертілді.
Жаңа ережелер бойынша тест тапсырушы:
тестілеу жүйесіне кіру үшін жеке сәйкестендіру нөмірі мен паролін көрсету;
компьютерде орнатылған фронтальды камера арқылы авторизациядан өту;
"ҰБТ тестілеу" интерфейсін ашу;
тест тапсыру тілін таңдау, бұл ретте тест басталғаннан кейін ол өзгермейді;
бейіндік пәндер комбинациясын таңдау және таңдау дұрыстығын растау;
ҰБТ тапсыруға кірісу қажет.
ҰБТ тапсыру ғимаратында электр жарығы өшсе немесе тестілеу жазбасы жүргізілмейтін басқа да форс-мажор жағдайларда, тестілеу уақытша тоқтатылады және басқа күнге ауыстырылады.
Тест басталғаннан кейін 120 минут өткен соң берілетін үзіліс 15 минуттан 3 минутқа дейін қысқартылды.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға (көру, есту, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған) тест тапсыру үшін қосымша 40 минут уақыт беріледі.