Өңірлер

Батыс Қазақстан халқы дизель отынының бағасына наразы

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2022
Жазылу
Өңірде сатылатын дизель отынының көлемі бірнеше есеге төмендеп кеткен. Оның басты себебі бағамен байланысты
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында тұрғындар дизель отынының бағасына наразылық білдіруде.
Энергетика министрінің бұйрығымен, Ресеймен шекаралас облыстарда оның әр литрі 260 теңге болып бекітілген еді. Өзге өңірлерде жанар-жағар май құны 230 теңгеден аспауға тиіс болатын. Бірақ бұл шешім көптің көңілінен шықпай отыр, деп хабарлады Хабар 24.
Дизель отыны бағасының қымбаттығы бірінші кезекте ауыр жүк көліктеріне сезіледі. Өйткені мыңдаған шақырым жол жүреді, тонналап жанармай тұтынады. Ал отын бағасының қымбаттығы олар тасымалдайтын азық-түлік пен құрылыс тауарларының бағасына тікелей әсер етеді.
"Шымкентте, Алматыда баға 230, Атырауда 230. Ал Ақтөбе мен Оралда 260. Неге олай, білмеймін. Өте қымбат. Солярка бар, беріп жатыр, бірақ қымбат", - дейді жүргізуші Айтбек Толымбеков.
Алексей Капустин де 260 теңгенің отыны өте қымбат екенін айтады.
"Біз әр түрлі тауар тасимыз. Жанармай қымбат болған соң ол біз жеткізетін азық-түлік пен құрылыс тауарларының бағасына да әсер етеді. Газ бағасын түсірді ғой, жағар майдың да арзан болғанын қалаймыз", - дейді ол.
Өңірде сатылатын дизель отынының көлемі бірнеше есеге төмендеп кеткен. Оның басты себебі бағамен байланысты. Қазір жағар майдың литрі 330 теңгеден бір-ақ шықты. Ал маусымаралық дизельді отын 260 теңгеден сатылып жатыр. Қымбатшылық өңір кәсіпкерлерін де тығырыққа тірейді.
"Мен жүк тасымалымен айналысамын. Жанармайдың қымбаттауы тасымал құнының өсуіне әкеледі. Әрі біз дизель отынының бағасы арзан көрші өңірлердің кәсіпкерлерімен бәсекелесе алмаймыз. Сондықтан тұрғындар зардап шекпейтіндей проблеманы шешудің басқа жолын қарастыру керек", - дейді кәсіпкер Берік Сыдықов.
Дизель отынын министрлік белгілеген шекті бағадан түсіріп сатуға еш тиым жоқ. Сарапшылар пайымынша, бағаның бұлай қалыптасуына жанармай нарығындағылар да мүдделі. Ұсақ кәсіпкерлер дизель отынын делдалдар арқылы қымбатқа аламыз дейді.
"Бағаны орталық аппарат белгіледі. Министрлік шекті бағаны белгілеп берген, соның негізінде жұмыс істейміз. Біз ештеңе бұзған жоқпыз", - деп түсіндірді жанармай құю бекеттері желісінің өкілі Тілек Нақпаев.
Әзірге тараптар бағаны арзандату жолдарын қарастырып жатыр. Мәселен, жанармайды жергілікті кәсіпорындарға арзанға талонмен беру, жанармай сатумен айналысатын кәсіпкерлердің мұнай өңдеу зауыттарымен тікелей келісіміне жағдай жасау. Ал жылына 200 тоннадай бензин, сонша көлемде жағар май шығара алатын Ақсайдағы мұнай өңдеу кешені шикізат тапшылығынан тұралап тұр.
Жаңалықтар
0