Саясат

Айдос Сарым "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы не үшін құрылғанын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневАйдос Сарым
Айдос Сарым - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2022
Жазылу
Мәжіліс депутаттары "Жаңа Қазақстан" атты топтың құрылғанын мәлімдеді. Оның негізгі мақсаты – президент тапсырмаларының орындалуын қадағалау
НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының не үшін құрылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа топтың құрылуы елде трансформация басталғанын көрсетеді. Осы орайда журналистер "Ондай бастама жаңа саяси партияның құрылуына негіз болмай ма?" деген сұрақ қойды.
"Жоқ, жаңа партия құруды мақсат етпейді. Nur Otan-ға трансформация жасау қажет. Бұл – үлкен партия, орасан зор күш. Оған жаңа серпін беріп, жаңа адамдарды әкелсе, президент айтып жатқан нәрсені қолға алса, оны мемлекеттік аппараттан бөлсе, ол мемлекеттік аппаратты алмастырмайтындай етіп істесе, осының өзі үлкен жұмыс, сонда шын мәнінде басқа партия болады", - дейді Сарым.
Мәжілісмен "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының негізгі мақсаты президент тапсырмаларын орындауды қадағалау екенін тағы бір мәрте еске салды.
"Мен өзім ешқандай партиялық сепаратизм немесе жаңа бірдеңе құруға деген әрекетті көріп тұрған жоқпын. Бізде ондай мақсат жоқ", - деп атап өтті Сарым.
Айта кетері, кеше мәжіліс депутаттары "Жаңа Қазақстан" атты топтың құрылғанын мәлімдеді. Олар қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын уақытында шешуге уәде беріп отыр.
"Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз. "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет етуге ынталы және дайын екенін мәлім етеміз", - делінген топтың үндеуінде.
Депутаттық топқа 31 депутат енді.
Олар: Е.Н.Абаканов, К.Б.Абасов, С.Ж.Адамбаев, Т.С.Адамбеков, Б.Әбдіғалиұлы, Ғ.М.Әміреев, Ж.С.Әшімжанов, Е.С.Бейсенбаев, Г.Қ.Бижанова, Н.Г.Дементьева, Б.С.Дүйсенбинов, Ғ.А.Елеуов, Д.М.Еспаева, Е.Т.Жаңбыршин, С.В.Имашева, А.Т.Қожахметов, Ғ.З.Құлахметов, А.С.Құспан, С.Б.Мұсабаев, С.Ж.Нақпаев, Қ.І.Нұр, Е.Б.Саиров, А.А.Сарым, А.А.Ысқақова, Е.В.Смайылов, И.В.Смирнова, Ж.Д.Сүлейменова, Ғ.Ә.Ташқараев, З.Б.Сүлейменова, Д.Н.Тұрғанов мен А.М.Хамедов.
Жаңалықтар
0