Экономика

Президент: субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсіп жатыр

© Sputnik / Болат ШайхиновДеньги в руке, иллюстративное фото
Деньги в руке, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.02.2022
Жазылу
Ол субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ екенін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке субсидиялау бойынша шаруаларға тегін қызмет көрсететін платформаны әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне тоқталды. Айтуынша, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
"Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр", - деді Тоқаев.
Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 проценті субсидияны жымқыруға қатысты.
"Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы екі-үш есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған", - дейді президент.
Сонымен қатар, айтуынша, субсидия алып отырған шаруалардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сақтауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидиялау жүйесі шаруаларды бұған ынталандырмайды.
"Жағдай түзелмесе, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден әрі аса алмайтыны анық", - деді ол.
Тоқаев субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ екенін атап өтті. Жеке құрылымдар субсидия бөлуге қатысты түрлі портал ашып, өз қызметі шаруалардан ақша алып отыр.
"Шаруалардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын. Бұл платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек. Субсидия мемлекет беретін міндетті төлем емес екенін әркім білуге тиіс. Бұл шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл", - деді мемлекет басшысы.
Президент енді үкімет субсидия алған адамнан жұмыс тиімділігін арттыруды талап ететінін мәлімдеді.
Жаңалықтар
0