Елорда тынысы

Елордалықтар үйлердің терезесінен аулалардың сүреңсіз келбетін көрмеуі керек – әкім

CC0 / popovich / Иллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.02.2022
Жазылу
Елорда әкімі биыл қалада 250 аула мен қоғамдық орын абаттандырылатынын хабарлады
НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында кездесуге кезекте тұрған 11 отбасыны қабылдағанын жазды.
Оның айтуынша, жиі қойылатын сұрақтардың бірі – абаттандыру.
"Үйлер мен кеңселердің терезесінен аулалардың сүреңсіз келбеті емес, көрікті, жайлы, тартымды орындар көрініс табуы керек. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді біз көпфункционалды, сол сияқты түрлі спорттық қызығушылықтар мен жас ерекшеліктеріне қарай дайындаймыз", - деп жазды әкім.
Сондай-ақ әкім соңғы жылдары 500-ден астам аула мен қоғамдық орын абаттандырылғанын атап өтті. Көлгіновтың айтуынша, биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
"Биыл аулаларымызды ауқымды түрде өзгертіп, тұрғындардың бос уақытын таза ауада өткізуі үшін жаңа орындар ашамыз. Жалпы, "Нұр-Сұлтан – жайлы қала" мастер-жоспары аясында биыл 250-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отырмыз", - деп толықтырды ол.
Қала мәслихатында қаржыландыру жоспары бекітілді. Дегенмен қала тұрғындарының өтініші бойынша биыл және алдағы жылдары абаттандырылатын мекенжайлар тізімі енгізіледі.
Жаңалықтар
0