Экономика

Қырғызстаннан тауарды жасырын кіргізу фактілері көбейді – қаржы министрлігі

© Sputnik / Табылды Кадырбеков / Медиабанкке өтуШекара, архивтегі фото
Шекара, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2022
Жазылу
Бір күн бұрын Қырғыз Республикасының жүк көлігінен 3,6 мыңнан астам декларацияланбаған қымбат және салық салынатын тауарлар анықталды
НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Қырғызстаннан тауарды жасырып кіргізу фактілерінің көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге халық тұтынатын тауарлардың жүк ағыны үш есеге ұлғайған. Онымен бірге жасырын тауарлардың саны да көбейген. Басым бөлігі – Қытай тауарлары. Ондайда мемлекеттік кірістер органдары тәуекелдерді басқару жүйесін қолданып, салық тексерістерін жүргізеді.
"Мысалы, 2022 жылдың 3 ақпанында салықтық тексеріс жүргізу барысында Қырғыз Республикасының жүк көлігінен 3,6 мыңнан астам декларацияланбаған қымбат және салық салынатын тауарлар анықталды. Аталған жағдайда қытай өндірісінің құжаттары мен таңбалары жоқ 98 бірлік тері бұйымдары (тондар) анықталды. Ал ЕАЭО аумағында тері бұйымдарын міндетті таңбалау енгізілген", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ тексеріс кезінде ілеспе құжаттарда көрсетілмеген танымал бренд тауарлары анықталды. Осы фактілер бойынша барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілді.
"Аталған тауарларды ЕАЭО аумағында өткізудің заңдылығын белгілеу мақсатында Қырғыз Республикасының құзыретті органдарына сұрау жіберіледі. Бизнес субъектілері тарапынан мұндай әрекеттер ЕАЭО бойынша әріптес елдердің бюджеттеріне залал келтіретінін атап өткен жөн, осыған байланысты бақылау күшейтіледі", - дейді комитет мамандары.
Айта кетері, бұған дейін Қырғызстаннан жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын Apple және Samsung смартфондары, сондай-ақ, басқа да электронды құрылғыларды жасырып тасымалдау фактісі анықталған болатын.
Жаңалықтар
0