Өңірлер

Шымкентте көпбалалы ана сәбиін бір миллионға сатып жіберген – сот үкімі шықты

© Photo : bingngu93Сәби, архивтегі фото
Сәби, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2022
Жазылу
Әйел баланы киіндіріп берген кезде ұсталған. Полицейлер бәрін жасырын камераға жазып алған
НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Әйел баланы киіндіріп берген кезде ұсталған. Полицейлер бәрін жасырын камераға жазып алған. Шымкент қаласының тұрғыны өз баласын бір жарым миллион теңгеге бағалады. Бірақ артынан миллионға сатуға келісті. Көпбалалы ана осы әрекеті үшін 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Otyrar порталына сілтеме жасап.
Әйел жалғыз өзі төрт баланы өсірген. Күйеуімен ажырасып кетіпті. Ал төртінші баласын туғанда ұлын перзентханада қалдырып кеткісі келген. Бірақ дәрігерлер баланы үйге алып кетуге көндірген. Бір жарым жылдан кейін ақшасы таусылып, қиын жағдайға тап болған. Сол кезде кішкентай ұлын сатып жіберуге шешім қабылдаған. Ол алдымен өз ойын таныстарына айтқан. Бұл ақпарат полиция қызметкерлеріне де жетеді. Олар баласы жоқ ерлі-зайыптының рөлін ойнап, әйелді қылмыс үстінде ұстаған.
"Ол алдымен баланы көруге үйіне шақырған. Басында бір жарым миллион теңге сұрапты. Бірақ артынан бір миллионға келіскен. Полицейлер ақшаны берген. Әйел баланы киіндіріп берген кезде ұсталған. Полицейлер бәрін жасырын камераға жазып алған", - дейді ювеналды сот төрағасы Дәурен Сайханов.
Сот шешімімен баласын сатқан әйел 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал балалар әкесіне тапсырылды.
Бұдан бөлек, Шымкентте тағы бір баланы сатуға оқталу фактісі анықталды. Бірақ келісімнің нақты сомасы туралы ақпарат жоқ.
"Ерлі-зайыптының төрт баласы болған. Келіншек бесінші балаға жүкті болып жүргенде күйеуі екеуі сәбиді жақсы отбасыға беруге келіскен. Баланың болашағы үшін сондай шешімге келдік дейді. Оны асырап алған адамдар аяғы ауыр келіншекке барлық жағдайды жасапты. Азық-түлігін әкеліп, дәрі-дәрмек пен дәрумендерін жеткізіп тұрған. Құжатқа қатысты проблеманы да шешіп берген", - деп атап өтті Сайханов.
Алайда біршама уақыттан кейін туған анасы баласын қайтарып алуға барған. Бірақ асырап алған адамдар оны бермеген. Сол кезде келіншек полицияға арыз түсірген.
"Ол баламды алып қойды деп арыз жазды. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалды. Әйел өз кінәсін мойындап, тергеуге көмектесті. Сот баланың биологиялық ата-анасын және асырап алушыларды 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Енді олар 8 жыл бойы пробацияның бақылауында болады. Қаладан тыс жерге шығуға болмайды", - деді ювеналды сот төрағасы.
Алайда баланы туған анасына қайтарған жоқ. Сот шешімімен оны қамқорлық органдарына тапсырды.
Жаңалықтар
0