Спорт

17 жастағы "шахмат ханшайымы" Тоқаевқа қандай өтініш білдірді

© Photo : пресс-служба акимата Мангистауской областиБібісара Асаубаева
Бібісара Асаубаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.02.2022
Жазылу
Олимпиадашыларды президент шығарып салды, ал шахматшылар жетім бала сияқты, дейді Асаубаева
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева президентпен кездескеннен кейінгі әсерін бөлісті. Сондай-ақ Тоқаевтың "Қандай марапат алғың келеді?" деген сұрағына не деп жауап бергенін айтты.
17 жастағы "шахмат ханшайымы" президенттің біліміне таңғалғанын жасырмады.
"Үлкен саясатта жүрген адамның шахмат пен шахмат тарихы туралы сонша көп білетініне таңғалдым. Сөйтсем, ол кісі 1978 жылы Багиода өткен әлем чемпионатында да болған екен. Сол жарыста Анатолий Карпов жеңіске жетті. Біз балалар туралы, спортты дамыту және басқа да мәселелерді талқыладық. Президент менің алдағы жоспарымды, қандай кітап оқитынымды, әрбір күнім қалай өтеді, қандай турнирлерге қызығамын, бәрін-бәрін сұрап шықты. Мен оның шынайы ниетіне риза болдым", - деп жазды Асаубаева өзінің жеке парақшасында.
Кездесудің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қандай марапат алғың келеді?", - деп сұраған. Сол кезде жас шахматшы көкейінде жүрген арманын айтыпты.
"Біздің спортшыларымызды жазғы және қысқы Олимпиадаға ылғи президенттің өзі шығарып салады, ақылын, тілегін айтады. Ал шахматшыларды шахмат олимпиадасына ешкім шығарып салмайды, олар жетім бала сияқты тыныш қана жолға шығады. Елдің батасын да алмайды. Мен осы бір әділетсіз дәстүрді өзгертуді сұрадым. Осылайша шахматтан әйелдер және ерлер құрамасына жаңа серпін беруді өтіндім", - деп атап өтті Асаубаева.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекет басшысы шахматшыларды назардан тыс қалдырмауға уәде еткен.
Айта кетері, Бибісара Асаубаева 20 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид пен блицтен FIDE-нің әлемдік рейтингісінде бірінші орынға көтерілді.
Жаңалықтар
0