Әлем

АҚШ Мәскеудің қауіпсіздік жөніндегі ұсыныстарын елемей отыр – Путин

© Sputnik / Алексей Никольский / Медиабанкке өтуПрямая линия с президентом РФ Владимиром Путиным
Прямая линия с президентом РФ Владимиром Путиным - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2022
Жазылу
Ресей президенті Владимир Путин АҚШ Мәскеудің қауіпсіздік жөніндегі негізгі бастамаларын елемей отырғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері бойынша ұсынған жауабынан америкалық тарап Ресейді алаңдатып отырған мәселелерді әдейі елемей отырғанын аңғаруға болады. РФ президенті Владимир Путин Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесуінің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында осындай пікір білдірді, деп жазды РИА Новости.
Ресей басшысы Мәскеу қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде 26 қаңтарда АҚШ пен НАТО-дан келіп түскен жауаптарға мұқият талдау жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Біздің үш негізгі талабымызды есепке алғаны байқалмайды", - деді Ресей президенті.
Путин альянстың кеңеюіне жол бермеу, Ресей шекарасына жақын маңда соққы жасауға арналған қару-жарақ орналастырудан бас тарту, сондай-ақ Еуропадағы НАТО әскери инфрақұрылымын 1997 жылдағы күйге қайтаруды басты тармақ ретінде атады. Ол альянстағылар Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз инфрақұрылымын шығысқа қарай ығыстырмауға уәде еткенін еске салып, қазір НАТО Балтық маңы елдерінде, Польша мен Румынияда әскери блок орналастырып жатқанын айтты.
РФ президенті альянс құжаттарының ешқайсысында "ашық есік" саясаты заңды түрде бекітілмегеніне назар аударды. Ол Украинаның НАТО-ға мүше болуы қандай ауыр салдар алып келетіні туралы да айтты.
"Украинаның доктрина құжаттарында олар Қырымды қайтаратыны және ол үшін әскери іс-қимыл қолданылатыны жазылған. Мұны қоғам алдында жария етпегенмен, құжатта осылай жазылған. Украина НАТО-ға мүше болды делік, ол қару-жарақпен толық қамтылады, Польша мен Румыниядағыдай соққы жасайтын заманауи әскери жүйелер шекара бойына орналастырылады. Оған кім кедергі болмақ? Содан кейін Қырымдағы арнайы операцияларға кіріседі. Донбасс туралы айтпасам да түсінікті болар", - деді Путин.
Ол жағдайдың осылай өрбуі қандай салдарға алып келетіні туралы ойлануға шақырды. Путин Мәскеу жағдайды ушықтырмауды қалайтынын, бірақ ол үшін барлық тараптың, яғни Ресей, Еуроодақ пен Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров бұған дейін Мәскеу НАТО-ның әрбір елінен, оның ішінде АҚШ-тан 1 ақпанда жолданған қауіпсіздіктің бөлінбейтіні туралы жолдауға жедел жауап күтетінін мәлімдеген болатын.
"Жедел жауап береді деп үміттенеміз. Ол көп уақытты алмауы керек. Себебі бұл түсіністікті айқындап алуға қатысты болып отыр, оның негізінде Сіздердің президенттеріңіз (премьерлеріңіз) тиісті міндеттемелерге қол қойған", - деп жазылған Лавровтың АҚШ, Канада және Еуропаның бірқатар елінің сыртқы саяси ведомство басшыларына арнаған жолдауында.
Жолдау қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі мәселесіне арналған және осы жылдың 28 қаңтарында жолданды.
"Сонымен қатар бұл жолдауға қатысты ұсынылатын жауап ұлттық сапада болуы керек екенін ескерген жөн. Себебі аталған міндеттемелер біздің мемлекеттеріміз қандай да бір блоктың құрамында емес, жеке-дара қабылдаған", - деп жазылған құжатта.
Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Мәскеу қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі АҚШ пен НАТО ұсынған жауаптарға реакцияны ведомствоаралық келісуді аяқтағанын айтты.
Ол Вашингтон мен оның НАТО бойынша одақтастары қауіпсіздіктің бөлінбейтіні туралы қағиданы жоққа шығарып отырғанын жеткізді.
"Еуроатлантикалық кеңістікте келісілген халықаралық құқықтың бұл негізгі қағидасын біздің батыстық серіктестеріміз елемегенімен қоймай, оны толығымен ұмыт қалдыруға тырысып жатыр. Бұған жол бермеу үшін Вашингтоннан алғашқы ұсынысымызға жауап алған соң, мен осы мәселелер туралы жеке жолдауда барлығын егжей-тегжейлі сипаттап, оны ЕҚЫҰ-ға мүше және басқа мемлекеттердің сыртқы істер министрлеріне жібердім. Бұл біздің осыған қатысты ұстанымымызды білу үшін қажет", - деді Ресей министрі.
Оның айтуынша, ол "бұл мәселе жабулы күйде қалмайтынын және Ресей ұсыныстарды ескеруді талап ететінін" Блинкенге ашық жеткізген.
Соңғы уақытта Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас тіпті шиеленісе түсті. Батыс елдері Мәскеуді Украинаға "басқыншылық жасауға" дайындалып жатыр деп айыптап, осының аясында Шығыс Еуропадағы әскерін ұлғайтып, Ресейге қатысты санкцияларды күшейтеміз деп қорқытып жатыр. Ресей барлық айыптауды жоққа шығарып, Киевтің Минск келісімдерін орындамай отырғанын еске салды: Украина Қарулы күштері армия жеке құрамының жартысын шекара маңына жақындатып, қарулы жасақтарға тыйым салынған қарудан оқ атып жатыр.
Мәскеу "агрессия туралы" мәлімдемелер Ресей шекарасының жанына шетелдік әскери топтарды жинауға сылтау үшін ұйымдастырылып жатқанын бірнеше рет ескертті. Кремль Украинадағы жағдайдың ушығуына АҚШ пен НАТО-ның осы елге қару-жарақ пен әскери техника, әскери нұсқаушылар жолдауы және әскери оқу-жаттығулардың жиі өткізілуі себеп екенін айтты.
Өткен жылдың соңында Мәскеу Брюссель мен Вашингтонға қауіпсіздік кепілдігі туралы құжат жобаларын жолдады. Кремль әскери блоктың посткеңестік елдермен әскери ынтымақтастығын тоқтатуын, олардың аумағында әскери база құрудан бас тартуын, Ресей шекарасына жақын жерде соққы жасауға арналған қару орналастыруды шектеуін, Еуропадан Американың ядролық қаруын алып кетуді және НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймеуін талап етіп отыр.
27 қаңтарда Ресей осы ұсыныстарға жазбаша жауап алды. Алайда РФ сыртқы істер министрлігі батыстағы серіктестер альянстың кеңеюіне жол бермеу жөніндегі ең маңызды мәселені назардан тыс қалдырғанын айтты.
Жаңалықтар
0